Алматыда Қала күнінің құрметіне «ALMATY FILM FESTIVAL» шарасы басталды

15.09.2019 02:08

Бір апта көлемінде Алматы төрінде отандық, Ресей және Еуроодақ елдерінің 12 кинотуындысы көрсетіледі

Бүгін, 15 қыркүйек – Қала күнінің құрметіне Алматы кинофестивалі ашылды. Елімізде екінші рет өтіп жатқан халықаралық кинофестиваль биыл «Мәдениеттер жақындастығына» арналады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір апта көлемінде Алматы төрінде отандық, Ресей және Еуроодақ елдерінің 12 кинотуындысы көрермен назарына ұсынылады. Отыздан астам елден келген қонақтар шырайлы шаһарды тамашалап, қазақ елінің өнері мен дәстүрінің куәгері атанады.

Республика сарайында жылдың айтулы шарасы «Алматы фильм фестивалінің» негізгі бөлігі өтіп жатыр. Отандық кинемотографияның майталмандары мен алыс-жақын шетелдің актерлері қызыл кілемде жүріп өтті.

Фестивальдің басты мақсаты – Қазақстан киноөндірісін дамыту, кинематография өнеріне көпшілік қауымның назарын аудару және халықаралық ынтымақтастықты бекіту. Сондай-ақ еліміздің мәдени астанасы – Алматы қаласын Орталық Азия өңіріндегі ірі мәдени және саяхат орталығы ретінде, сонымен қатар  әлемдік киноқауымдастығын Қазақстан киноөндірісінің жаңа мүмкіндіктерімен және артықшылықтарымен таныстыру да фестивальдің негізгі міндеттерінің бірі саналады. Бұл фестиваль «Мәдениеттер жақындастығы» деген ұранмен 7 күн бойы негізгі үш алаңда өтеді. «Made in Almaty» атты сценариистер байқауы және Disney ТМД компаниясымен бірлесе өтетін отбасылық кино бағдарламасы көпшілікті қызықтырары сөзсіз дейді ұйымдастырушылар.

«Әрине, біздің бағдарламаларымыз өте қызықты. Биылғы ұранымыздан байқағандарыңыздай, өзге елдермен бірлесіп түсірілген фильмдер де қатысады. Конкурстық бағдарламадан бөлек, байқаудан тыс фильмдер де көрсетіледі», - деді «ALMATY FILM FESTIVAL» Президенті Ақан САТАЕВ.

Шараның шымылдығын Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ашып бермек. Алматы кинофестивалінің қаламыз үшін маңызы зор. Өйткені түсірілімдердің дені қала мен Алматы облысы аумағындағы әсем табиғатта түсіріледі. Бұл біріншіден елімізді әлемге мәшһүр етуге және қазақ кинемотографиясын дамытуға елеулі септігін тигізетіні анық. Екінші халықаралық кинофестивальді «Вий» туындысын шығарушылар ұсынған «Тайна печати дракона» фильмі бастайды.

Жабылу салтанатында 5 негізгі номинация бойынша марапаттау рәсімі өтеді: Бас Жүлде; "Үздік режиссер"; "Үздік актер"; "Үздік актриса" және қазылар алқасының арнайы жүлдесі.  20 қыркүйекке дейін жалғасатын шараны Чаплин кинотеатрларында тегін тамашалауға болады. Айта кетейік, биылғы шара басталмас бұрын алматылықтар мен қала қонақтарына отандық және көрші елдердің кинотуындылары ашық аспан астында көрсетілген болатын.