Ақтоты Райымқұлова Димаш Құдайбергенге Президенттің құттықтау хатын табыстады

24.05.2021 23:39

Ақтоты Райымқұлова туған күн иесін өз атынан құттықтап, шығармашылық табыс тіледі

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова танымал əнші Димаш Құдайбергенді қабылдап, туған күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


«Құрметті Димаш!

Жас кезіңнен өнер жолын таңдап, үздіксіз еңбектің нəтижесінде үлкен белестерді бағындыра білдің. Алдымен республикалық, кейін халықаралық байқауларда дара шықтың. Əн арқылы ұлттық құндылықтарымызды дəріптеп, қазақтың тілін, қоңыр домбырасын, ізгі дəстүрлерін əлемге танытып келесің.

Алдағы уақытта еліміздің рухани-мəдени саласын өркендетуге мол үлес қосып, білімің мен кəсіби біліктілігіңді жетілдіре беретініңе сенім артамын.

Өзіңе денсаулық, жаңа табыстар тілеймін!» – деп жазылған Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Осыдан кейін Ақтоты Райымқұлова туған күн иесін өз атынан құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

«Құрметті Дінмұхаммед Қанатұлы!

Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын

Егемен Еліміз əлемдік қауымдастық алдында сан салада қарқынды дамуда. Осы орайда Сіз Ұлы Дала елі өнерін ғаламдық деңгейде танытып келе жатқан өнерпаз ретінде халықтың ыстық ықыласы мен құрметіне бөленіп жатырсыз. Туған жердің топырағымен дарыған дарын мен талғамның, табанды ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында жаһан халықтары сүйіп тыңдайтын əншіге айналдыңыз. Сіз бағындырған биік белестер мен толағай табыс ізіңізден ерген жастар үшін үлгілі сүрлеу.

Алдағы уақытта да жүрек қылын шертетін туындыларыңыздың қатары көбейіп, өнерсүйер қауымды қуанта беруіңізге тілектеспін.

Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық шабыт, отбасыңызға амандық пен ортаймас несібе-дəулет тілеймін!» – деп жазылған министрдің құттықтау хатында.