Көпшілік көңілінен шыққан «DiNaZaur» телехикасының екінші маусымы көрерменге жол тартпақ

18.02.2021 23:47

«DiNaZaur» телехикасын 1 наурыздан бастап сағат 20.40-та «Алматы» телеарнасынан тамашалаңыздар!

Сырлас, мұңдас үш құрбы туралы «DiNaZaur» телехикаясының екінші маусымы 1 наурыздан бастап көрерменге жол тартпақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Алматы» арнасынан көрсетілген сериал бала кезден бірге өскен құрбылардың тағдырын көрсетеді. Үш түрлі отбасылық жағдайдағы достардың қызықты оқиғалары көрсетілген телехикая көрермен қауымның көңілінен шықты. Сол себепті де сериалдың екінші маусымы түсіріліп, жақын күндері көрерменге жол тартпақ.

Сериалдың қоюшы режиссері Шапағат Орынбаев екінші маусымда қандай қызықты оқиғалар болатынын айтып берді.

«Бірінші маусымның «әттеген-ай» деген тұстары болды.  «Сериалдың нүктесін қойылмай қалды, ұзақтығы мен сериал саны аз боп қалды» деп ойлап жүрдім. Екінші маусымға ұсыныс түскенде, ойланбастан жұмысты бастап кеттік. Бұл маусымда желтоқсан айынан Наурыз мерекесіне дейінгі уақыт аралығы түсіріледі, яғни екі ай төңірегіндегі болған комедиялық қойылымдар жинастырылады.  Мысалы, осы маусымда Зәуренің бұрынғы жігіті қайта оралады. Назым мен Айдардың арасындағы махаббат хикаясы қалай өрбиді деген сұрақтарға жауап беріледі. Бірінші маусымда телехикаяның нүктесі қойылған жоқ еді, екінші маусымда да оқиға нақты біткен жоқ. Демек, үшінші маусымы да болуы мүмкін», – деді режиссер.

Сериалдың басты кейіпкерінің бірі Динара тұрмысқа шыққан, үш баласы бар әйел. Күйбең тіршілік пен күнделікті үй шаруасынан өзіне көңіл бөлетін уақыты жоқ. Балалардың тәрбиесі, үй шаруасы, тамақ дайындау, кір жуу т.б. Қазіргі өміріндегі қиындықтарға қарамастан, ол өз өміріне шағымданбайды, керісінше «отбасы – басты байлық» деп санайды. Динара рөліндегі Жанаргүл Жаныаманова екінші маусымда кейіпкері ашыла түсетінін айтады.

«Бірінші маусымның съемкасы жақындағанда ғана мені бекітті. Дайындық аз болып қалды. Ал енді осы маусымда Динара жан-жақты ашылады деп ойлаймын. Өткен маусымда кейіпкерімнің кейде тұрпайы, ұятсыз қылықтары болды. Екінші маусымға келіспес бұрын, сондай сахналар жоқ па деп толық сценариін оқып шықтым. Жалпы, сериал ситуациялық комедия жанрында болғандықтан, көрерменге қызық деп ойлаймын»,– деді Ж. Жаныаманова.

Құрбылардың бірі – Назым, ол  жалғызбасты ана. Ол ұл тәрбиелеп отыр. Ресторатордың ер адамдардан көңілі қалған. Назымның рөлін актриса Ажарлым Мағзұм сомдайды. Ол кейіпкерінің тағдырын қайталағысы келмейтінін айтты.

«Назымның өмірі оңай емес, баласын жалғыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Сондықтан оның тағдырын қайталағым келмейді. Образ сомдағандықтан, жұмыс ретінде қабылдаймын. Екінші маусымда біршама өзгерістер болады. Ашып айтпай-ақ қояық. Керісінше көрермен қызықтап, теледидардан асыға күткені дұрыс болады. Ұсыныс түскенде, бірден қабылдадым. Сериалдан бөлек, маған бірге жұмыс істеген команда ұнады. Сүйікті достарыммен қайта қауышатыныма қуандым», – деді Ажарлым Мағзұм.

Ал Зәуре тұрмысқа шықпаған бойдақ қыз. Ол өз теңін тауып, тезірек отбасын құруды қалайды. Алайда көңілінен шығатын жігіт таппайды.  Зәуренің рөлін Ұлболсын Шалқарова ойнайды. Актриса екінші маусым бірінші маусымнан да қызығырақ болатынына сенімді.

«Өзімнің түскен сериалдарымды қателіктерімді түзеу үшін көремін. Екінші маусымды қызықтырақ етіп түсірдік деп ойлаймын. Сериалдың жалғасын түсіруге ұсыныс түскенде, бірден келістім. Себебі сценариі жақсы жазылған, 8 наурыз мерекесін орай эфирге шыққандықтан, көп қыз-келіншектерге қызық деп ойлаймын. Менің кейіпкерім, шын мәнісінде, кінә өзінде екенін осы маусымда түсінеді. Себебі ол тұрмыс құрудан қорқады, әсіресе, «дұрыс таңдау жасай алмаймын» деп ойлайды екен. Былайша айтқанда, отбасылық өмірге толықтай дайын емес. Бірақ екінші маусымда ол да екінші жартысын табуы мүмкін», – деп қызықтырды Ұ. Шалқарова.

«DiNaZaur» сериалы нақты өмірге негізделген қарым-қатынас, отбасылық құндылық, тәрбие және шынайы әйелдер достығы туралы көрсетеді. Зәуренің бұрынғы жігіті оралса, екеуінің арасындағы сезім қайта жана ма, Назым мен Айдардың махаббаты қалай өрбиді, Динара отбасын сақтап қала ма деген сұрақтардың жауабын жақын күндері біле аласыздар.  

«DiNaZaur» телехикасын 1-наурыздан бастап сағат 20.40-та «Алматы» телеарнасынан тамашалаңыздар!