Ғұлама ғалым әл-Фарабидің музыкалық мұрасы қазақ тілінде қайта жаңғырды. Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада ғалымның туғанына 1150 жыл толуына орай «Әл-Фараби және қазақтың музыкалық аспаптары» атты монографияның тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
400-ге жуық беттен тұратын кітаптың авторы Сағатбек Медеубекұлы тарихи еңбекті жазарда бұрын-соңды жарық көрген басылымдарды саралағанын айтады. Нәтижесінде, қазақтың музыкалық аспаптарының сұлбасын тауып, оның құрылымы мен қалай жасалғанын зерттеген екен.
«Біздің зерттеуімізге, сараптауымызға талпыныс пен құлшыныс берген нәрсе – музыка туралы кітаптың қазақ тіліндегі аудармасы. Сол кітаптың ішіндегі айтылған ойлармен таныса отырып, өзіміздің ұлттық аспаптарымызды таныстыруды мұрат тұттық. Негізгі ерекшелігі сол, қазақтың ұлттық саз аспаптарымен салыстырыла, сарапталады», – деді «Әл-Фараби және қазақтың музыкалық аспаптары» монографиясының авторы Сағатбек Медеубекұлы.
Автордың айтуынша, монография әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабының» негізінде жазылған. Бұл өз кезегінде қазақстандық оқырмандарды ғұлама ғалымның еңбегімен танысып, тарихты ұлағаттауға үйретеді дейді. Осы ретте ескі заманғы басылымда қазақтың саз-сырнайы мен жетіген, қобыздың суреттері табылғанын ерекше айтып кеткен жөн. Жиын барысында дәл осы ұлттық аспаптар көптің көзайымы болып, жиылған қауымға әсем әуендер тарту етілді.