Орта ғасырдағы оғыздарда мал шаруашылығы жақсы дамыды - ғалым

28.05.2024 00:21

Еуропа ғалымдары мен отандық археологтар Қызылорда жерінде жәдігерлерді зерттеп жатыр

Almaty.tv

«Орта ғасырдағы оғыздарда мал шаруашылығы жақсы дамыды. Тіпті олар үйінде мысыққа дейін асыраған». Сыр өңіріндегі көне қалаларды зерттеуге арнайы келген ағылшын археологы осындай тұжырым жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айта кетейік, қазір Еуропа ғалымдары мен отандық археологтар Қызылорда жерінде жәдігерлерді зерттеп жатыр. Орта ғасырлық Жанкент қалашығынан табылған құнды мұралар қатарында тұрмыстық заттардан бөлек, жануарлардың сүйегі де бар. Арнайы зерттеу жүргізіп жатқан шетелдік ғылым өкілдері әсіресе, сол заман адамдарының өмір сүру салты қызықтыратынын айтты. Ал ғылыми жоба аясында көне қалашықтағы мал шаруашылығы, аңшылық пен балық аулау кәсібі басты назарға алынған.

– Қорқыт ата университетінің шақыртуымен келдім. Жергілікті археологтар көне Жанкент шаһарынан түйе, сиыр, жылқы мен қойдың сүйегін тапқан. Сол кездің өзінде мал өсіру жақсы дамығанын көрсетеді. Балықтың сүйегі де шығып отыр. Тағы бір қызық дерек оғыздар үйде мысық ұстаған. Алдағы уақытта соның барлығына терең талдау жүргізіп, қорытынды шығарамыз, – деді Оксфорд университетінің археолог-палеозоологы Эшли Харуда.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үйге кезекте тұрған алматылықтарға пәтер кілті табысталды