Бүгін Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәрима Сахарбаеваның 70 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шара Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қабырғасында ұйымдастырылды. Жиын барысында Кәрима Сүндетқызының «Домбыра сазы» деп аталатын кітабының тұсауы кесілді. Мерекелік жиынға еліміздің өнер қайраткерлерінен бөлек, көршілес мемлекеттердің өнер жұлдыздары да келді.
«Кәрима Сахарбаеваның еңбегі туралы жайлы айтатын болсақ, 16 жылда декан болды, 40 жылдай ұстаздық қызметте келе жатыр. Сол кісінің негізгі еңбегі ғылыми жұмыстары,методикалық жұмыстары, сосын тәрбиелеген шәкірттері жайлы. Жалпы қазақтың ұлттық өнері туралы», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов.
«Конференцияның аты 21 ғасырдағы дәстүрлі музыка зерттеу мәселелері. Бұл жөнінде арысы Москвадан берісі Қырғыз,Өзбек, Түркмен және де басқа елден қазір баяндама оқылады», – деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық музыкасы факультетінің деканы Төлепберген Тоғжанов.