Туынды еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен шығарылмақ
Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Соңғы үкім» фильмінің түсірілімі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Туынды еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысымен шығарылмақ. Түсірілім жұмыстары келесі жылдың маусым айына дейін жалғасады. Режиссердің айтуынша, туындының басты мақсаты – Алаш арысын ардақтау, ерен еңбегін елге жеткізу.
«Бұл фильмде көрермен үшін жаңалық өте көп. Тың тарихи мәліметтер жиналған. Көпшіліктің көңілінен шығу үшін шығармашылық топ талмай еңбектенеді. Бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Келесі жылдың аяғында сапалы туынды көрерменге жол тартады деп жоспарлап отырмыз», – деді режиссер Ерген Тоқмурзин.
Басты рөлді сомдау Азамат Сатыбалдыға бұйырды. Оның айтуынша, жұмысқа кіріспес бұрын Алашорда жайында мол ақпаратпен танысып шыққан. Ал тағылымы мол бұл туындының жас ұрпаққа берері көп болмақ.
«Әрбір ұлтта болатын зор тұлға ғой. Сондықтан жас ұрпақ бұл фильмді көруі тиіс деп ойлаймын. Ахмет бабамыздың алашордалықтардың кезіндегі атқарған қызметі – үлт үшін өзіңді құрбандыққа шалумен тең болған. Бұл қазіргі таңда кездесе бермейтін ерлік, батырлық десе болады», – дейді актер Азамат Сатыбалды.