Алматыда Әбілхан Қастеев атындағы жаңа өнер мектебі ашылды. Әуезов ауданындағы қараусыз қалған ескі ғимараттың орнына салынған бұл нысанда қазір 100 бала білім алуда. «Алматы 2050» стратегиясы аясында жүзеге асқан жоба жергілікті тұрғындардың сұрауымен іске асқан. Толығырақ Almaty.tv тілішісінің бейнематериалында.
Бұған дейін бұл ғимарат – терезелері сынық, шатыры ескі, қараусыз ғимарат болған десе, адам сенгісіз. Әрдайым айналасы қоқысқа толып жататын бұл жер Әуезов ауданы тұрғындарының сұрауымен қайтадан жөндеуден өтіп, орнына су жаңа мектеп ашылған. Қазір өнер ордасының іші жабдықталған 3 дәріс бөлмесі бар.
«Бұл нысан 2018 жылдан бері әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорацияның балансында болды. Кейін мұнда жаңа ғимарат салу үшін байқау жарияланып, оны Әбілхан Қастеев атындағы өнер мектебі жеңіп алды. Қазір аумағы 150 шаршы метрге жететін керемет өнер орталығы бой көтерді. Ең бастысы, біз осындай игі бастамаларды қолдауға әрдайым дайынбыз. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтқандай, креативті экономиканы дамытуды барынша қолға алып жатырмыз», – деді «Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқармасының төрағасы Асқар Білісбеков.
Ал, кішкентайынан сурет салғанды жаны сүйетін Алтынай Жанықұл осындай орталықта білім алғанына қуанышты.
«Көп пайдасы тиіп жатыр. Мен өзімнің үйімде сурет салумен айналысып жүргенімде анам осы мектепке барасың ба деп сұрады. Соны естігенде мен қатты қуанып, осы жерге келдім. Менің арманым – дизайнер болу. Модельер болғым келеді», – деді Әбілхан Қастеев атындағы өнер мектебінің оқушысы Алтынай Жанықұл.
Өнер мектебі балалардың шығармашылығын дамытуға негізделген. Мұнда 5 жастан бастап қабылданушылар «Бейнелеу өнері», «Техника және дизайн», сондай-ақ, «Компьютерлік графика» деген 3 маңызды пәндерді оқиды.
«Жалпы мектептің негізгі мақсаты – балаларға кәсіби-техникалық білім беру. Қазіргі күні жүзден астам бала оқиды осы филиалдың ішінде және де келесі жылға өзіміздің жоспарымыз бойынша екі жүзден астам адам қабылдауға болады», – деді Әбілхан Қастеев атындағы өнер мектебі директорының орынбасары Нұрсұлу Қонысбек.
Алдағы уақытта Әуезов ауданы мен Бостандық аудандарында қараусыз қалған тағы да осындай бірнеше ғимараттар қайта жөндеуден өтпек. Осылайша «Алматы 2050» стратегиясы аясында қаланың экономикасын дамытуға негізделген мәдени-шығармашылық орталықтар бой көтеретін болады.
Аяулым Көлжігіт, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» арнасы