Алматыда жас суретшілердің заманауи көрмесі өтті

22.10.2019 02:04

Көрменің басты ерекшелігі - суретшілер билеп жүріп, сурет салады


Алматы галереясында жас суретшілердің заманауи үлгідегі «Контраст» эксперименталды өнер көрмесі өтті. 19 қазанда FOYA фестивалі аясындағы өткізілген көрмеде дерексіз экспрессионизм мен көше өнерінің бірлесуі үйлесім тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Көрме авторлары Марат Ягфаров пен Ғалымжан Балсары заманауи технологиялар дәуірінде әрбір жан өнерді жасаушы және ойлаушы бола алады деген идеяны дамытуда.

Ал, көрменің басты ерекшелігі - билеп жүріп, сурет салуда.

«Көрмеміздің ерекшелігі – көше мәдениеті мен экспрессионизм шеңберін өзара әрекеттестіру. Біз бүгін ашылу салтанатында бұрын-соңды болмаған өнер көрсетеміз және ол өте қызықты болмақ. Себебі, біз би билеп жүріп сурет саламыз», – дейді суретші Марат ЯГФАРОВ.

«Көрменің мақсаты – көпшілік ұмытып кеткен қарапайым нәрселерді адамдарға жеткізу. Шын мәнінде шығармашылық тұрғыдан бұл – өте маңызды дүние. Кез келген адам басқа саланың жұмысшысы болса да, қалаған шығармашылығымен айналысуына болады. Мысалы, мен өзім кеңсе қызметкерімін және кеңседе 13 жыл жұмыс істеп келем. Ал, мен үшін бұл рухани демалыс және хобби секілді», – деді суретші Ғалымжан БАЛСАРЫ.