«Тәуелсіздік ұрпақтары» атты республикалық жастар форумында сыйлықмиегерлері марапатталды
«Дарын» сыйлығының иегерлері белгілі болды. «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты республикалық жастар форумында сыйлықтың биылғы иегерлерін Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева марапаттады. «Дарын» сыйлығы биыл да 10 номинация бойынша берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» атты республикалық жастар форумында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Тәуелсіздіктің нығаюына үлес қосқан жастардың жетістіктеріне тоқталды. Министр жас ғалымдарды қолдау үшін ғылыми зерттеу жобаларын қаржыландыру көлемі 9 млрд теңгеге дейін ұлғайғанын айтты.
«2014 жылы қабылданған «Серпін» бағдарламасы бойынша бүгінге дейін 8 мыңға жуық жас оқуын аяқтап, оның ішінде 5 мыңнан астамы жұмысқа қабылданды. Бүгінде әлеуметтік, экологиялық, мәдениет, медицина, спорт саласында еріктілердің күшімен 1 мыңнан астам жоба табысты іске асып келеді», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.
Форумда Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев магистратура мен докторантурада білімін жалғастырған жастардың 9 пайызы ғана оқудан кейін ғылыми қызметпен айналысатынын мәлімдеді. Денсаулықты сақтау, саламатты өмір салтын ұстану – жастардың өз болашағына салған ең басты инвестициясы екенін де тілге тиек етті.
«Жастардың гаджеттерге үңіле бермей, спортпен шұғылдануға басымдық беруі де өте өзекті. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану, таза ауада жиі болу, демалыс және режимін сақтау – денсаулықтың негізгі факторлары. Сонымен қатар бұл қағидалар қазіргі таңда жетістікке жетудің маңызды шарты», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
«Дарын» сыйлығы биыл да 10 номинация бойынша берілді. «Спорт» номинациясы бойынша дзюдошы Елдос Сметов марапатталды.
«Бүгінгі таңдағы Тәуелсіздікке арналған форумда жиналған жастарды көріп, мен өз басым қуанып отырмын. 20-25 жастағы жастар өте керемет жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Осындай жастарымыз көп болса екен деп тілеймін», – деді жазғы олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметов.
Дарын сыйлығының иегерлері «Ғылым, Қоғамдық қызмет, Журналистика, Халық шығармашылығы, Классикалық музыка, Театр және кино, Эстрада, Әдебиет, Дизайн және бейнелеу өнері» номинациялары бойынша марапатталды.
Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан