Бүгін кинорежиссер Мәжит Бегалиннің туғанына 100 жыл толды

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Небәрі 56 жыл ғұмыр кешкен киногер артына мол мұра қалдырып кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін – қазақ кинематографиясына бірқатар портреттік, көркем фильмімен жол салған Мәжит Бегалиннің туған күні. 100 жылдық мерейтойы тойланып жатқан режиссер – қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаған Сапарғали Бегалиннің ұлы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 

Мәжит Бегалиннің режиссурасы дегенде көптің көз алдына әуелі «Мәншүк туралы дастан», «Тұлпардың ізі», «Ел басына күн туса» сынды тұлғалық көркем фильмдер келеді. Ол расында, біреудің образын ашудан бұрын, адам жанының тылсым сырына үңілгенді ұнатты. «Алыптар шоғырында Айманов, Қожықов, Қарсақбаевтармен қатар, классикалық дүние жасаған режиссердің өзіне ғана тән қолтаңбасы бар еді» дейді көзкөргендер. 

«Мәжит ағаның өзі де Ұлы Отан соғысына қатысқандықтан, өз туындыларында сол қиын жылдарды барынша шынайы, әсерлі етіп шығаруды көздеді. Оның режиссерлік етуімен түсірілген киноларда, әсіресе «Артымызда Москва» фильмінде сондай бір ерекшелікті байқайсыз. Ол қазақ солдаттарының сол тарихқа қосқан үлесін кең қамтыды», - деді кинорежиссер Болат Нүсімбеков.

Біз білетін Бегалин – режиссер. Оның бұл қырынан бөлек, спортқа жақындығы, бірнеше ұлттық аспапта ойнайтыны тағы бар. Ал шығармашылық жолға түсуді арман еткен ұлға әкесі Сапарғали Бегалин де ақ батасын беріп, абыройлы қызмет атқаруын тілепті.

«Ол Жамбыл облысына жиі барды. Абай туралы 4 форматты, кеңауқымды фильм түсіруді жоспарлап жүретін. Жалпы, жаны көркемдікке ұмтылған адам болды ғой. Сондықтан болар, ұлтының ұлы тұлғалары туралы көркем туындыларды жақсы көрді. Мәжит ағам менің де оқып, өсуіме тікелей әсер етті», - дейді М.Бегалинның қарындасы Гүлнәр Бегалина.

Мәжит Бегалин бар-жоғы 56 жыл ғұмыр кешті. Жалпы есепке салғанда, бұл аз уақыт болып көрінгенімен, ол киногер, режиссер ретінде мол мұра қалдыра алды. Қазақ кинематографиясын кәсіби деңгейге көтерді. Оның фильмдерінің өлмейтіні, өсе беретіні содан.

Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров