Дүйім елдің ыстық ықыласына бөленген жобаны енді әр апта сайын Көктөбеде тамашалауға болады
Almaty Dream Party концерті қайта оралды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл жобаны «Алматы» телеарнасы алғаш болып қолға алған. Сол кезден бастап-ақ мәдени кеш халық арасында кең сұранысқа ие болды. Дүйім елдің ыстық ықыласына бөленген жобаны енді әр апта сайын Көктөбеде тамашалауға болады. Жаздың алғашқы күніндегі концерт Халықаралық балаларды қорғау күніне арналды. Сондай-ақ іс-шара барысында балалар әдебиетін үздік туындылармен толтырған «Жас қалам» байқауының марапаттауы өтті.
«Almaty Dream Party – бұл Алматыдағы мәдени мерекенің бірі. Әр аптаның сәрсенбісі кешкі сағат 20:00-ден 22:00-ге дейін Көктөбе саябағында концерт ұйымдастырылады. Мәдени кешті «Алматы» телеарнасынан және Youtube желісінен көруге болады. Шараның басты мақсаты – келген қонақтарды, тұрғындарды жас өнерпаздармен таныстыру, көтеріңкі көңіл күй сыйлау», – деді «Алматы» телеарнасының бас продюсері Ралида Мұқанова.
«Жобаны «Алматы» телеарнасымен бірге өткіземіз. Әсем көрінісімен көпті баурайтын Көктөбеде кешкі концертті көру тегін. Былтыр осы жобаны өткізген уақытта келушілер саны айтарлықтай артқаны байқалды. Биыл көрермендер одан да көп болады деп сенеміз», – деді «Көктөбе» саябағының SMM жетекшісі Дәурен Әділбекұлы.
Оқи отырыңыз: Алматыда жас қаламгердің жаңа туындысы жарық көрді