Байқаудың бас жүлдесін алматылық 24 жастағы Дінмұхамед Көшкінбаев еншіледі
Елорадада Бибігүл Төлегенова атындағы 11-ші халықаралық вокалистер байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Сайыс қорытындысы бойынша үшінші орын иегерлері мен лауреаттары – елордалық Дариға Мұсаева, алматылық Ораз Мұхамедияров және Алтынбек Әбілда болды. Екінші орынды ташкенттік Ұлпан Әубәкірова мен Әзиза Мұхамедова және Алматы қаласынан келген Әсел Әубәкірова иеленді. Ал бірінші орынды мәскеулік Де-Рель Габриэль, Ташкенттен келген Отабек Назаров және Нұр-Сұлтандық Әлихан Зейнолла жеңіп алды.
Байқаудың бас жүлдесін алматылық 24 жастағы Дінмұхамед Көшкінбаев еншіледі.
«Осы конкурсқа 2 жыл бұрын қатысқанмын. Бірақ мен бірінші кезеңнен өте алмай қалған едім. Сосын жинақталып, 2 жылдан кейін болатынын білдім. 3-4 ай дайындалдым. Алматыдан мұғаліммен дайындалдым. Халық әні «Сұрша қызды» және баритон дауысқа арналған, Сыдық Мұхамеджановтың романсы, Ұлы Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім» туындысын орындадық», – деді бас жүлде иегері Дінмұхамед Көшкінбаев.
КСРО және Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың айтуынша, қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде. Бәрі де қазақ музыкасының үздік үлгілерін әлемге паш етуді көздейді. Сол арқылы композиторларымыздың шығармаларын насихаттауға үлес қоспақ.
«Жастар қол жеткізген жетістігімен тоқтап қалмаса екен деймін. Себебі, біз қазір оларға жарқын шығармашылық болашаққа жол аштық. Бұл еңбек жалғасуы керек. Яғни, «Лауреат атандым» деп тоқтап қалуға болмайды. Алға қарай ұмтылу қажет. Басқа да байқауларда бақ сынасын», – деді КСРО және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова.