Дәрігерлер бұл тәсілді 3 жыл зерттеген
Отандық нейрохиругтардың бастамасын бүкіл әлем қолданысқа енгізуі мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық нейрохиругрия орталығының мамандары дертке шалдыққан науқастың кеуде омыртқасын алып тастап, орнына имплант орнатты. Дәрігерлер бұл тәсілді 3 жыл зерттеген. Алғашқы пациентерге жасалған ота сәтті аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дидар бір жарым жыл бойы төсек тартып жатқан. Жүріп-тұруы қиындап асқынған ауруы жанына батты. Омыртқасында пайда болған ісік асқынып, қимылдай алмаған. Тіпті қабырғасын да сындырып жіберіпті. Дидардың дендеген дертін дәрігерлер дүние жүзінде болмаған әдіспен емдеді. Операция арқылы омыртқасын алып тастап, орнына жасанды имплант орнатты.
«Сол жағым істемей қалды. Тіптен жүргізбей қойды, жатқызбай қойды. Не тұра да алмаймын. Тұрып, жүріп-тұрудың өзі қиын болды маған. Ішінен бір соққы болып тұрған секілді болды», – деді науқас Дидар ӘМІРЖАНОВ.
Дәрігерлер Дидардың омыртқасындағы жұлынына зақым келтірмей, жасанды аппарат орнатты. Осы әдіспен 4 науқасты аяғынан тұрыпты. Мұндай күрделі ота жасау үшін мамандар жан-жақты зерттеулер жүргізгендерін айтады.
«Өзімізде жасаған 3Д омыртқаны шетелге алып барып, сосын оны эксперименталды аппаратта тексеріп көрдік. Оған әртүрлі қысым, қозғалыстар жасайды. Солар нәтижесі дұрыс дегеннен кейін 6 мәйітке жасадық сондай эсперимент. Толығымен оң нәтиже алғаннан кейін бастадық. Дүниежүзін қарап отырмыз мұндай операция жасалмаған», – деді Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы Серік АҚШОЛАҚОВ.
Осыған дейін де отандық дәрігерлер омыртқаға операция жасаған. Бірақ, ол бұрыннан бері келе жатқан қалыпты тәсілмен жүргізілгендіктен, көбіне нәтижесіз аяқталатын. Ал енді әрбір науқасқа барлық параметрі мен өлшемі сайма-сай келетін арнайы жеке имплант жасалып, қойылып жатыр.
«Ерекшелігі – әр адамға жеке ем керек. Науқастағы омыртқаның құрамы, оның формасы осы науқасқа сәйкес. Қазіргі импланттар, жай имплант ішіне кіріп кетеді. 40 пайызында соңы қиын болады. Ол имплантантты ұстамайды. Ал мынау омыртқасы, ішіндегі құрамымен қасындағы жақын омыртқамен бірдей орналасады», - деді Ұлттық нейрохирургия орталығының бөлім меңгерушісі Талғат КЕРІМБАЕВ
Ұлттық нейрахирургия орталығы мамандарының бұл жетістігіне қазірдің өзінде шетелдік әріптестері үлкен қызығушылық танытып жатқан көрінеді. Демек, алдағы уақытта қазақстандық ғалымдардың жетістігі өзге елдердің де талай науқасын емдеуге себеп болуы бек мүмкін.