Алматы қаласынан Медициналық сақтандыру қорына 42 млрд теңгеден астам жарна түсті

Алматы қаласынан Медициналық сақтандыру қорына 42 млрд теңгеден астам жарна түсті
Қорға түскен қаражат ҚР Ұлттық банкінде сақталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Алматы қаласы медициналық сақтандыру жарнасын төлеу жағынан алдыңғы орында тұр. Қорға түскен қаржының бестен бір бөлігі бұрынғыша оңтүстік астаналықтарға тиесілі. Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 6 қыркүйегіне дейінгі аралықта барлығы 1 млн 373 мың алматылық тұрғынның атына 42,6 млрд теңге аударылған, деп хабарлайды МСҚ Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі.

«Бұл соманың ішінде бірыңғай жиынтық төлем де бар. Атап айтқанда, жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 3,5 мыңнан астам алматылық 10,1 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем төлеген», – деді Алматыда өткен брифингте МСҚ қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.

Оңтүстік астанадан түскен түсімдердің негізгі бөлігі немесе 40,1 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлерінің атына аударған аударымдары. 2017 жылдан бастап жарна аударуға міндеттелген бұл санат жұмыскерлерді сақтандыруды тоқтатқан жоқ.

Сақтандыру енгізілген 2017 жылдың екінші жартысында өзі үшін жарна аударған жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар соңғы екі жылда сақтандыру төлемдерінен босатылған болатын. Олар жарнаны өзге санаттармен бірге 2020 жылдың қаңтарынан бастап аудара бастамақ.

Естеріңізге сала кетсек, Қорға түскен қаражат ҚР Ұлттық банкінде сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС шеңберінде көрсетілетін қызметтердің ақысын төлеуге жұмсалады.

Новости партнеров