Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов мәлімдеді
Қазақстанда бетперде мен қорғаныш костюмдеріне қажеттілікті қамтамасыз ету үшін жеті жаңа кәсіпорын іске қосылды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 6 айға маскаларға қажеттілік 111,2 миллион дананы құрайды, денсаулық сақтау жүйесіне 82,4 миллион, ал мемлекеттік органдарға 28,8 миллион қажет.
«Бұл қажеттілікті қанағаттандыру үшін республиканың барлық өңірінде медициналық маскалар мен тігін кәсіпорындары өндірісінің көлемі ұлғайтылды. Сондай-ақ, төрт жаңа өндірісті іске қосу есебінен медициналық және профилактикалық қорғаныш маскаларын шығару тәулігіне 1,1 миллион данаға дейін жеткізілді», – деді Ержанов онлайн брифингте.
Ол нәтижесінде жарты жылда 198 миллион дана бетперде шығарылатынын атап өтті. Соның 86,8 миллионы дәріханаларға жіберіледі.
Қазіргі уақытта отандық 9 кәсіпорын тәулігіне 490 мың дана бетперде шығарады.
Вице-министрдің айтуынша, медициналық қолғаптарға қажеттілік 83,7 миллионды құрайды. Денсаулық сақтау жүйесі үшін 54,9 миллион және мемлекеттік органдар үшін 28,8 миллион дана қолғап қажет.
«Қазіргі уақытта екі кәсіпорын тәулігіне 330 мың жұп қолғап өндіреді. Өндіріс көлемін тәулігіне 460 мың жұпқа дейін ұлғайту арқылы қажеттілікті жабамыз», – деді ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қорғаныш костюмдеріне қажеттілік – 1,3 миллион, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесі үшін – 747 мың дана, ал мемлекеттік органдар үшін – 540 мың дана.
«Халық қорғаныш костюмдерін пайдаланбайды. Бұл қажеттілікті жұмыс істеп тұрған үш өндіріс көлемін ұлғайту және үш жаңа өндірісті іске қосу есебінен қамтамасыз етеміз», – деді Ержанов.