Науқасқа 2 апта бойы коронавирусты емдеу бойынша ем жүргізген
Алматылық дәрігерлер жамбас сүйегі сынған 80 жастағы науқасқа ота жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
ОҚКА баспасөз қызметінің мәліметінше, Орталық қалалық клиникалық ауруханаға науқас жамбас сүйегі сынып түскен. Қабылдау бөлімшесінде науқастан коронавирус анықталып, дәрігерлер 2 апта бойы КВИ емдеу бойынша ем жүргізген.
Травматолог-дәрігер Қанат Төледің айтуынша, әженің жарақаты ауыр болғандықтан сол сәтте бірден ота жасау қауіпті болды.
«Жасы келген кісі болғандықтан жамбасына операция жүргізу өте қауіпті болды. Себебі, науқастан КВИ табылды. Сонымен қатар тексеру барысында басқада ауру белгілері анықталды. Сондықтан біз ең алдымен ота алдындағы дайындықты жүргізіп барып, операция жасадық», - деді Қанат Төле.
Травматологтың айтуынша, ота сәтті өтті. Науқас операциядан кейінгі оңалтудан соң 10 күннен кейін өз бетімен қозғалып жүре бастады. Қазіргі кезде зейнеткердің жағдайы жақсы.