Шымкент қаласының дәрігерлері шеге жұтып қойған 4 айлық сәбиді құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, шеге жұтып қойған баланың ата-анасы алғашқыда баласының буын ауруы бойынша Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасына алып келген. Ондағы ортопед мамандар ұршықтың рентгені жасалған кезінде асқазан ішек жолындағы темір затты кездейсоқ анықтаған. Сөйтіп, балаға ішек жолының тесілу қаупі төнгеннен кейін шұғыл түрде ота жасаған.
«Операция кезінде хирургтар лапароскопиялық тәсілмен және электронды оптикалық рентген аппаратымен шегенің орналасқан аумағын айқындап, асқазан тұсындағы бөгде затты хирургиялық жолмен алып шыққан. Күрделі отаны Шымкент қалалық балалар ауруханасының білікті дәрігерлері Сұлтанғали Сарыбай мен Жақсылық Амантаев және Асанбай Құрманалиевтер жасаған. Жабық түрде жасалған отадан кейін баланың жағдайы жақсарып, ауруханада бір аптаға жуық ем қабылдап шықты», - делінген хабарламада. Сәбидің туыстары бала шегені ойнап жүріп ауызына салып жіберген болуы мүмкін деп отыр.
Бірақ бұл жағдайды олар бірден байқамаған.