Бұл жоба саланы цифрландыру мақсатында жасалып отыр
Денсаулық сақтау саласы «eHealth» жаңа электронды жүйесіне көшеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл жоба саланы цифрландыру мақсатында жасалып отыр. Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаевтың айтуынша, Президент сынынан кейін саланы цифрлық трансформациялау бойынша жұмыстар қайта қаралып, жаңа платформаға көшу жұмысы пысықталып жатыр.
«Денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында eHealth электронды денсаулық сақтаудың жаңа сандық форматына көшу жұмыстары басталды. EHealth электронды денсаулық сақтау жүйесі азаматтардың денсаулық паспортын толыққанды және жан-жақты қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл азаматтардың сұранысына бағытталған медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, eHealth пациенттердің денсаулық жағдайын үнемі бақылау және медициналық қызметтерді жедел ұсынуды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді», - деді Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев
Бейбіт Есенбаевтың мәліметінше, eHealth платформасына көшу кезінде қайталама функцияларды атқаратын ақпараттық жүйелер алынып тасталады.
«EHealth сандық денсаулық сақтау жүйесін іске қосу үшін 2022-2023 жылдарға арналған жоспар әзірлеу көзделуде. Оған сәйкес, денсаулық сақтау саласындағы барлық ақпараттық жүйелер өзара ықпалдаса отырып жұмыс істейді. Оның ішінде медициналық мекемелер арасында клиникалық деректер алмасу жүйесін реттеу маңызды», - деді Бейбіт Есенбаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау министрлігі саланы цифрландырудан қашып отыр деп сын айтқанын еске салайық.