Қазақстанға арналған инсулин Өзбекстанда сатылып жатыр: министрлік ҰҚК-ге жүгінді

22.01.2019 19:28

Аталған факті расталса, бұған жол бергендер қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға арналған инсулиннің Өзбекстан дәріханаларында сатылу фактісі бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Біртанов инсулин бойынша мұндай факті алғаш тіркеліп отырғанын, оны жіті тексеру қажеттігін айтты.

«Біз Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдадық. Егер ақпарат расталса, бұған жол бергендер қылмыстық жауапқа тартылады деген үміттемін», — деді министр үкімет кулуарында.

Оның айтуынша, қазір дәрі-дәрмек тізім бойынша сатылады, сондай-ақ халық арасында сауалнама жүріп жатыр. Өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында министрлікке өздеріне тиесілі дәрі-дәрмектен қағылған азаматтардан шағым түскен.

«Бұл мәліметтерді де біз Бас прокуратураға жолдадық, олар қазір жүріп жатқан тексеріс материалдарына қосылды деген үміттемін. Қазір бірқатар өңірде қылмыстық іс те қозғалды. Яғни, біздің міндетіміз – құқық қорғау органарымен бірлесіп, дәрімен қамтамасыз ету саласында толығымен тәртіп орнату», —деді Біртанов.

Еске сала кетсек, Ташкент журналистері дәріханалардан қазақ тілінде таңбаланған инсулин сатылып жатқанын хабарлаған еді.