Өзі де әр палатаға кіріп, жағдайларын жеке-жеке сұрап шықты
Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында болып, онда әуе апатынан зардап шегіп, ем алып жатқан тоғыз баланың жағдайын біліп қайтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала әкімі балаларға ҚР-ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан тез сауығып кетуін тілеп, Мемлекет басшысының жаңа жылдық сыйлықтарын табыстады.
Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері Абай Құсайыновтың айтуынша, алты бала қарқынды терапия реанимация бөлімінде, үшеуі травматология бөлімшесінде жатыр.
Науқастар орташа ауырлық жағдайда. Екеуіне жоғары технологиялық заманауи емдеу әдістерін қолдану арқылы ота жасалды.
Бүгінгі күні отадан шыққандардың жағдайында оң динамика бар, ауырлығы орта дәрежеде.
Қазіргі уақытта қарқынды терапия бөлімшесіндегі барлық балалар барлық қажетті медициналық көмек алатын бейінді бөлімдерге ауыстырылды.