Қорға осы уақытқа дейін 222 миллиард теңге жинақталды
Бүгін еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, сақтандыруға қатысты пакеттердің мүмкіндіктерін тағы бір түсіндіруге тырысты. Министр, қаладағы статусы анықталмаған 56 мыңнан астам азаматтың бұл жүйеден қалыс қалып қоюы мүмкін екенін де ескертті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда статусы анықталмаған 56 мыңнан астам азамат міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне енбей, медициналық көмек алудан тасада қалып қалуы мүмкін. Оған қоса, 15-16 мың тұрғын ешқандай емханаға тіркелмеген.
«Жаңа жылға дейін осы олқылықты түзеуіміз керек. Келесі жылы бұл азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру пакетін пайдаланғысы келсе, емхананың ішінде төлем жасайтын арнайы терминал қоюды жоспарлап отырмыз. Автоматты түрде төлемнің жасалғаны туралы ақпарат бізге келіп түседі, сәйкесінше, дәрігерге жолдама сол жерде беріледі», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Бүгінде қала тұрғындарының 95,7 пайызы сақтандыру жүйесімен қамтылған. Келесі жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілгеннен кейін Алматыда медициналық көмекке бөлінетін қаражат көлемі 1,5 есеге артады. Алдағы үш жылдың ішінде емхана мен ауруханалар толықтай қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
«Біз медициналық мекемелердің барлығына аудит жүргіздік. Қай аурухана, емханаға қандай құрал-жабдықтың жетіспейтінін анықтадық. Енді 3 жылдың ішінде толықтай ретке келтіреміз. Келесі жылы 20 миллиард теңге қарастырмақпыз. Осы ретте мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында да жұмыстар атқарылады. Сондай-ақ, статусы анықталмаған азаматтардың медициналық сақтандырудан құр қалып қоюы мүмкін екенін түсіндірме жұмыстары арқылы барынша жеткізуге тырысудамыз. Өйкені, бұл бастама ең әуелі бұқара үшін қажет», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
«2017 жылдың шілде айынан бері әлеуметтік сақтандыру қорына 1,3 миллион адамнан түсімдер болған. Қорға Алматы тарапынан бас-аяғы 44,3 миллиард қаражат түскен. Бұқараны ақпараттандыру жағынан соңғы үш айдың ішінде 48 пайыздан 71 пайызға артты. Нәтижесінде қарсы пікрідегі тұрғындардың саны екі есеге азайды. Жұмыс қарқынды түрде жалғасады», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан БАБАҚҰМАРОВ.
Айта кетейік, статусы анықталмаған азаматтар ай сайын 2525 теңге төлеп, міндетті әлеуметтік медициналық пакетін пайдалана алады. Бірақ, біріңғай сақтандыру пакетін төлемесеңіз, емханадағы тегін медициналық көмекке қол жеткізе алмайсыз деген сөз емес. Тек, күрделі ота мен құны қымбат тексерістерді сақтандырудың аясында ала алмайсыз.
«Нормативтік-құқықтық база жасалып, үш деңгейлі медициналық көмек жүйесі бекітілді, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге қажетті ақпараттық жүйелер іске қосылды. Қор келісімшарттар мен қосымша келісімдерді автоматты түрде жасауға мүмкіндік беретін функционалды қолданысқа енгізді. Биылғы тамыз айынан бастап, жекелеген құжаттарға электронды цифрлы қолтаңба көмегімен қол қойылып жатыр», - деді «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айбатыр ЖҰМАҒҰЛОВ.
Бүгінде ел халқының 90 пайыздан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Қорға осы уақытқа дейін 222 миллиард теңге жинақталды. Айта кетейік, қазір жұмыс беруші тарапы жалдамалы жұмысшы жалақысының 1,5 пайызын өз есебінен медициналық сақтандыру қорына аударып отыр. Ал келесі жылдан бастап, мекеме өз қаражат қорынан 2 пайыз, және еңбеккер айлығының 1 пайыз ақысын аударып отыруға міндеттеледі.
Әйгерім Ердәулет, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы.