Зейнеткерлер емханаға өтініш жазу арқылы тіркеле алады

Зейнеткерлер емханаға өтініш жазу арқылы тіркеле алады
Екі айға созылатын дәстүрлі шара 15 қарашада аяқталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұдан былай еліміздегі бірқатар азаматтар медицина ұйымдарына қағаз форматта өтініш жазу арқылы тіркеле алады. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай шешімді электронды үкімет порталы арқылы тіркелу кезінде туындаған проблемаларды реттеу мақсатында қабылдап отыр. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы хабарлады.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емханаларға 2019 жылдың 1 қазанынан бастап бірнеше санаттағы азаматтарды қағаз форматта жазылған өтініш арқылы тіркеу туралы тапсырма берді. Аталған санаттардың арасында зейнеткерлер, мүгедектер, балалық шағынан мүгедек саналатын тұлғалардың (соның ішінде, кәмелет жасына толғандар) күтушілері, сондай-ақ, баланың заңды өкілдері, қамқоршылары мен патронаттық тәрбиешілері, қылмыстық-атқару мекемелерінде отырғандар, студенттер, әскери борышын өтеп жатқан азаматтар, шет мемлекеттерде туылған балалар, бөбектер, жетімдер үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйінің тұрғындары бар», - делінген салалық ведомство хабарламасында.

Қордың Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, жоғарыда атап өтілген санаттар нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін тіркеу туралы арызды сенімхат негізінде рәсімдей алады.

Естеріңізге сала кетсек, қазір елімізде жыл сайынғы емханаға тіркеу науқаны жүріп жатыр. Екі айға созылатын дәстүрлі шара 15 қарашада аяқталады.

Новости партнеров