Вакцина алған қызметкерлер тұрақты жұмысына қайта орала алады

04.05.2021 20:05

Екпенің толық курсын алған барлық қызметкерлердің күндізгі режимде жұмыс істеуіне жол беріледі

Almaty.tv

COVID-19 вакцинасын алғандар қашықтан жұмыс істеу режимінен кеңселерге орала алады. Бұл туралы еліміздің бас санитарлық дәрігерінің 30 сәуірде жарияланған қаулысында айтылған. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова аталған шараны түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаулыда көрсетілгендей, әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысын шектеу талаптарына сәйкес, «қызыл» аймақта 80% –  қашықтықтан істеу режиміне, 20% күндізгі режимге ауыстырылуы тиіс. «Сары» аймақта: 50% – қашықтықтан істеу режиміне, 50% - күндізгі режимге көшуі тиіс. «Жасыл» аймақта: 30% – қашықтықтан істеу режиміне, 70% - күндізгі режимге ауысады.

Ескертпеде ұйымдар, кеңселер қызметкерлерге COVID-19-ға қарсы вакцинация жүргізген жағдайда қашықтықтан және тікелей жұмыс орнына бару форматтарында жұмыс істейтін қызметкерлердің пайыздық арақатынасы жөніндегі талаптарды ескерместен қызметін жүзеге асыратыны түсіндіріледі. Бұл ретте соңғы 6 ай ішінде COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсын алған және COVID-19-бен ауырып, жазылған барлық қызметкерлердің күндізгі режимде жұмыс істеуіне жол беріледі. Осылайша, вакцинацияның толық курсын алған азаматтар өздерінің тұратын жерлерінің қай аймақта екеніне қарамастан күндізгі режимде жұмыс істеуге жіберіледі.

«Әрбір жұмыс беруші оның кәсіпорны толығымен жұмыс істеуі үшін өз ұжымын вакцинациялауға қызығушылық танытады. Шынында да вакцинацияланбаған қызметкерлер қашықтықтан істеуге кетеді. Егер біз осы инфекцияны жеңгіміз келсе, қалыпты өмірге оралып, коронавирусты жеңе алатын иммундық қабат құрғымыз келсе, онда әркім уақтылы егілуі керек. Менің ойымша, бәрі екпе алу шешім қабылдайды және осы процесті одан ары кешіктірмейді. Егер адам вакцинаның бірінші компонентін алса, онда ол міндетті түрде екінші компоненттен өтуі керектігі туралы хабардар етіледі»,– деп хабарлады Ә.Қалықова.

Сондай-ақ, ол жұмыс берушілер өз ұжымдарында екпе салдырудың өте маңызды екенін түсіндірулері тиіс деп атап өтті.