Академик Төрегелді Шарманов 90 жаста

20.10.2020 01:10

Шараға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой арнайы қатысты

Almaty.tv

Отандық денсаулық сақтау саласының аңыз адамы, академик Төрегелді Шарманов тоқсанға толды. Осыған орай Қазақ ұлттық медицина университетінде екі күндік «COVID-19-бен күресте алғашқы медициналық санитарлық көмектің рөлі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Денсаулық сақтау саласын дамытуға зор үлес қосқаны үшін Төрегелді Шарманов Президент грамотасымен марапатталды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі бейнематериалында.

Медицина саласының қара нары Төрегелді Шарманов 90 жасқа толып отыр. Академиктің медицинаға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бүгін қазақ ұлттық медицина университетіндегі даңқ залына Төрегелді Шармановтың есімі берілді. Ғалым ерен еңбегі үшін Президенттің арнайы грамотасымен марапатталды. Мемлекет басшының құттықтауын Денсаулық сақтау минстрі Алексей Цой жеткізді.

«Дүниежүзілік денсаулық ұйымына, Юнисеф және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық байланыс орнату, өзіңіз зерттеп жүрген маңызды саланың өзектілігін айқындай түстіңіз. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғүмыр мен құт-береке тілеймін!» – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Академиктің бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің халықаралық конференциясының Алматыда өтуі тегін емес. Себебі Төрегелді Шарманов әлем елдерінің дәрігерлері алдында тұңғыш болып алғашқы медициналық көмек көрсетудің маңызын көтерді. Нәтижесінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Алматы декларациясын қабылдайды. Бұл ел үшін, елдің медицина саласы үшін үлкен жетістік еді.

«Бұл қуаныш жалғыз сіздің отбасыыңыз емес, бүкіл қазақ елінің қуанышы. Өйткені сонау Кеңес одағы кезінде елдің жердің атын шығарып, бүкіл дүниежүзін, БҰҰ мамандарын шақырып, 146 елдің өкілдері келіп Қазақстанның атын шығарып, Алматы декларациясын қабылдау бұл сіздің өте жоғар деңгейдегі ұйымдастырушылық шеберлігіңіздің арқасында», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Қазіргі таңда коронавируспен күресте Төрегелді Шарманов ұсынған бастамалар өзекті болып қала бермек. Алматы декларациясының негізі көптеген елдегі алғашқы медициналық қызметтің сапасын айқындап берді.

«1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Алматы декларациясын мойындады. Онда адамның денсаулығы науқасты емдейтін дәрігерлерге ғана байланысты емес екені, ауруды алдын алу амалының маңыздылығы басты назарға алынған. Дертті болдырмаудың бірден-бір жолы ол толыққанды тамақтану, таза ауа, сапалы су мен екпе егу», – деді ҚР ҰҒА академигі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

Мерейтой аясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің қатысуымен болған халықаралық конференцияның бүгін бірінші кезеңі өтті. Онлайн форматтағы жиынға шетелдік сарапшылар қатысты.

«Қазақстан алғашқы медициналық көмек көрсетуде әлемдік деңгейде үлкен рөл атқарады. Негізгі лидер ел саналады. Ел аумағы үлкен болғандықтан, медициналық көмекті беру өте қиын. Бірақ соған қарамастан Қазақстан сапалы алғашқы көмек көрсету саласында басқа елдерге үлгі бола алады. Мәселен, мобильді, телемедицина сияқты қызметтер құнды тәжірибе, сондықтан біз мұны құжатқа енгізуді көздеп отырмыз», – деді ДДСҰ Еуропадағы алғашқы жедел медициналық көмек жөніндегі орталығының басшысы Мелитта Якуб.

Жалпы шаһарда алғашқы медициналық көмек көрсету жұмысын күшейту мақсатында пациенттерді бақылау және психологиялық көмек беру бағытында екі орталық құрылған. Қазір 74 емханада 300-дей мобильді бриагада жұмыс істейді. 6 мыңға жуық медицина қызметкері халыққа көмек көрсетуге әзір.

Назкен Еркін, Арсен Санбыдаев, «Алматы» арнасы