Жедел жәрдем бригадалары күніне 250 адамнан коронавирус инфекциясын анықтап, науқастарды жедел түрде ауруханаларға жеткізіп отырады
Алматыда жеделжәрдем қызметін шақыртулар саны көбейді. Соңғы 1 айда бұл көрсеткіш 2400-ге дейін жетіпті. Жүктеменің артуы халықтың сақтық шараларын мұқият сақтамауынан және эпидемиолог мамандардың кеңесіне құлақ аспауынан орын алып отыр, дейді қалалық жедел жәрдем қызметіндегілер. Жедел жәрдем бригадалары күніне 250 адамнан коронавирус инфекциясын анықтап, науқастарды жедел түрде ауруханаларға жеткізіп отырады. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Қалада қазір 200 жедел жәрдем бригадасы өз міндетін мүлтіксіз атқаруда. Оның 65-і мамандандырылған, 135-і фельдшерлік. Күнделікті кезекшілікке шығатын 1 бригада тәулігіне 11 шақыртуға дейін барады. Соңғы 1 ай ішінде жедел жәрдем қызметінің жүктемесі 20 пайызға артыпты.
«1 ай бұрын тәулігіне 1200 шақырту түссе, індет өршіген тұста бұл көрсеткіш 2300-2400-ге дейін жетіп отыр. Мұндай жүктеме наурыз мерекесінде жұртшылықтың карантин талаптарына немқұрайлы қарауынан болды. Жедел жәрдем қызметінде 11 қосалқы станса бар және 200 бригада кезекшілікке шығып отырады», – деді қалалық жедел медициналық жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Пархат Надыров.
Гүлнар Жұбатханқызы жедел жәрдем қызметінде 20 жылдан бері жұмыс істейді. Пандемияға дейін қоңыраулар саны бірқалыпты болатын, ал қазір түске дейін қоңырау саны мыңға дейін жетеді дейді. Дәрігер өз кезегінде диспетчерлер сұрақ қояр кезде тұрғындардың барынша төзімділікпен, шыдамдылықпен жауап беруін сұрайды. Өйткені олардың жауабына байланысты науқастарға жөнелтілетін бригадалар тағайындалады.
«Диспетчерлер қоңырауды алгоритм бойынша қабылдайды. Алгоритм 4-ке бөлінеді. Әрбір алгоритм бойынша біз нақастарға жіберетін машиналарды, бригадаларды тағайындап, реттеп отырамыз. Соның ішінде эпидемиологиялық жағдайға байланысты тағы бірнеше сұрақ қойылады», – деді қалалық жедел жәрдем қызметінің аға дәрігері Гүлнар Бөлтірікова.
Жедел жәрдем станциясының диспеткерлік қызметіне күніне 4 мыңға жуық қоңырау келіп түседі. Оның шашамен 2 мыңнан астамына жедел жәрдем бригадалары шақыртуларға шығады. Сол кезде коронавирус инфекциясы анықталған науқастар жедел түрде ауруханаларға жеткізіледі. Күніне шамамен 200-250 осындай жағдай тіркеледі екен.
Ал шақыртулар 3 категория бойынша қабылданады. Жедел жәрдем бригадалары ауыр дәрежедегі науқастарды инфекциялық модульдік ауруханаларға жеткізіп отырады. Жұмыс кезінде өздері де барынша сақтық шараларын ұстанып, қорғаныс киімдерін пайдаланады. Айта кету керек, жедел жәрдем қызметінің көліктері 70 пайызға жаңарған.
«Көлікте бізде барлық инструменталдық, яғни алғашқы көмек көрсететін аппараттар бар. Кислород, электрокардиограф, егер жүрек қызметін тексеру керек болса, ал ковидті пневмония кезінде, әсіресе, асқыну болуы мүмкін. Сол кезде жүрек қызметінің тоқтауы да орын алуы мүмкін. Біздің көлікте алғашқы көмек беретін барлық аппарат бар», – деді қалалық жедел жәрдем қызметі реанимациялық бригаданың дәрігері Бауыржан Жүсіпов.
Бүгін қалалық жедел жәрдем қызметінде 4 мыңға жуық адам еңбек етеді. Қаланың 8 ауданында орналасқан 11 қосалқы бөлімшенің әрқайсысында 20-дан астам жедел жәрдем көлігі бар.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы