Халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 305 млрд теңге төленді

Халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 305 млрд теңге төленді
Биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты 1403 медицина ұйымы орындайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер үшін 305 млрд теңге төледі. Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті  (ТМККК) шеңберінде бөлінді, деп хабарлайды акцонерлік қоғамның баспасөз қызметі.  

«2019 жылдың мамырындағы мәліметтер бойынша, Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 305 млрд теңге төленді. Бұл жалпы кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарт сомасының 35,4 пайызын құрайды», - деді МСҚ басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жақселекова.

2019 жылы МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 860 млрд теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 5 процент артық.  

«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деді Ботагөз Жақселекова.

Биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты 1403 медицина ұйымы орындайды. Оның ішінде 701 жекеменшік клиника да бар. Биыл олардың саны 2018 жылмен салыстырғанда 57-ге көбейіп отыр.    

Мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан жекеменшік медицина ұйымдарының саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстары көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетсек, МСҚ 2018 жылдан бастап ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алады.  


Новости партнеров