Бізге құлақ аспай, ораза ұстағандар ауруханаға түсіп жатыр
Бүйрек және эндокриндік ауруы бар науқастардың ораза ұстауына дәрігерлер рұқсат бермейді. Себебі науқастың ауруы асқынып кетуі мүмкін. Тағы қандай дерт иелеріне ауыз бекітуге болмайды? Бұл сұрақтарға Алматыдағы № 7 қалалық клиникалық ауруханасының хирург-дәрігері Рахманберді ҚАЛЫМБЕТОВ жауап береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Ораза ұстаудың адам ағзасына тигізетін пайдасы зор. Дегенмен кей науқастарға ораза ұстауға мүлдем рұқсат етілмейді. Ол – жүрек-қантамыры аурулары, бүйрек аурулары, көптеген эндокриндік аурулар, онкологиялық аурулар, жүйке жүйесі бұзылған науқастар, жүктілік, операциядан кейінгі жағдайлар. Әсіресе, ағзасын ауыстырған науқастарға ораза ұстауға мүлдем рұқсат етілмейді. Мәселен, қан қысымы жоғары науқастар күні бойы су ішпесе, қаны қоюланып, инсульт, инфарктқа ұласуы мүмкін. Бірақ соған құлақ аспастан науқастар ораза ұстап, артынша бізге ауруханаға түсіп жатады», - дейді дәрігер.
Ол сондай-ақ, аузы берік мұсылман қауымына дәрігерлік ақыл-кеңесін де айтып өтті.
«Сәресін ішкенде құрмамен және аздап су ішкен абзал. Кешке ауызашарда да алдымен құрма мен сум ішіп, шамалы уақыт өткеннен кейін барып жеңіл-желпі тамақтанған жөн. Көкөністер, майсыз, қуырылмаған, белоксыз, көмірсусыз тағамдар дұрыс. Ал қимыл-қозғалысқа келетін болсақ, мүлдем жатып қалуға болмайды. Себебі, қимылдамасақ организмде шлактар көбейіп, адамдарға кері әсерін тигізеді. Яғни, басы айналады, жүрегі жиі соғып, әлсіздік пайда болады. Күнделікті еңбегін жасап жүрсе болады», - деді Рахманберді Бегалыұлы.