Алматыда балалардың жүйке ауруын жаңа тәсілмен емдеу басталды

12.07.2023 20:52

Онда ерекше қажеттілігі бар 300-ден астам бала ем қабылдайды

Almaty.tv


Алматыдағы «Кеңес» әлеуметтік бейімдеу және еңбекті оңалту орталығы елімізде бұрын-соңды болмаған ғылыми әдістемемен емдеуді бастады. Мекеме неврологиясы бұзылған балаларға қызмет көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соңғы 4 айда қаладағы 140 бала арнайы мамандардан сабақ алып үлгерген. Жаңа тәсілмен емдеу шетелдік сарапшылардың тәжірибесіне сүйене отырып жүргізіледі. Бүгін мекеме жұмысымен Мәжіліс депутаттары танысып қайтты. «Мегаполис әлеуметтік-инновациялық орталықтардың бастамасы болғаны қуантады» дейді халық қалаулары.

– Мәжілісте кәсіби квалификациялар туралы заң қабылданған болатын. Тек университеттің дипломы емес, қосымша білімді осындай орталықтарда оқыса, көбірек мүмкіндік ашылады. Орталықтар университет бітіріп келген түлектерді үйретсе жақсы болар еді, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

«Кеңес» әлеуметтік бейімдеу және еңбекті оңалту орталығы 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда ерекше қажеттілігі бар 300-ден астам бала ем қабылдайды. Мекеме басшысы ауруды асқындырып алмай, арнайы мамандарға ерте жүгіну керегін атап өтті.

– Дерт неғұрлым ерте анықталса, оны соғұрлым ерте емдеу қажет. Балалардың жүйке жүйесі өте сезімтал болады. 3 жасқа дейін олардың ағзасы да емге бейімделгіш келеді. Ал ұзақ қаралмай жүре берсе, оны қалыпқа келтіру де қиынға соғады. Сол себепті дәл осындай жоба еліміз бойынша біздің орталықта алғаш рет ашылып отыр, – деді  «Кеңес» әлеуметтік бейімдеу және еңбекті оңалту орталығының бас директоры Майра Сүлеева.