Алматы әкімі Ерболат Досаев дәрігерлерді кәсіби мерекесі қарсаңында құттықтады

14.06.2024 21:43

Шаһар басшысы медицина қызметкерлеріне еңбегі үшін алғыс білдіріп, қоғамның денсаулығы жолында зор жетістік пен табыс тіледі

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Ерболат Досаев жаңа корпусы ашылған Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында барды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыда 90 жылдық тарихы бар көз аурулары Қазақ ғылыми-зерттеу институтының жаңа корпусы ашылды.

Жыл сайын 250 мыңнан астам келушіге қызмет көрсететін мекеменің кеңейтілген базасы заманауи офтальмологиялық жабдықтармен қамтылып, бөлімшелер саны артқан. Салтанатты рәсімге қатысып, ақ халатты абзал жандарды келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтаған шаһар басшысы Ерболат Досаев қалалық кардиологиялық орталыққа да барды.

Ғасырға жуық тарихы бар көз аурулары ғылыми-зерттеу институты бүгінде елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азияда офтальмологиялық қызмет бойынша көш бастап тұр. Мұнда қазақстандықтар мен алыс-жақын шетелден келген 300 мыңға жуық науқасқа түрлі ем-дом шаралары көрсетіліп, жылына 20 мыңнан аса ота жасалады. Сұраныстың артуына байланысты медициналық мекеменің базасын кеңейту туралы шешім қабылданып, жаңа корпус келушілерге есігін айқара ашты. 

- Қазір көптеген елде балалардың көз миопиясын емдеуде ортокератологиялық, яғни түнгі линзалар қолданылады. Бұл ересектер үшін көзілдірікке балама болса, жасөспірімдерде дерттің дамуына жол бермейді. Сондықтан біз мектептерді аралап, балаларда бұл ауруды ерте анықтау мақсатында скрининг жүргіземіз, - дейді Көз аурулары ҚазҒЗИ бас директоры Найля Алдашева.

Қала әкімі жаңадан іске қосылған корпусты аралап, жұмыс барысымен танысты. Қазір мұнда көз ауруларын заманауи әдіспен емдейтін офтальмодиагностика, консультативтік-оңалту, рефракциялық хирургия бөлімшелері ашылған. Лазерлік хирургия кабинеттері де жасақталып, стационарға 30 төсек-орын қойылыпты. Дәрігерлердің айтуынша, алматылықтарда көз катарактасы мен тамырлардың асқынуы секілді дерттер жиі кездеседі екен.

- Бұл мекеме Орта Азиядағы жалғыз экзопротездеу орталығы саналады. Өйткені бізге онкологиялық ауруларға шалдыққан пациенттер көп келеді. Біз ол азаматтардың бетіне экзопротез жасаймыз. Яғни, хирургиялық ота тағайындалып, кейін оңалту шараларынан өтеді, - деді Көз аурулары ҚазҒЗИ бас дәрігері Эльмира Қанафьянова.

Сондай-ақ Ерболат Досаев қалалық кардиологиялық орталыққа да барып, медициналық мекеме қызметкерлерімен кездесті. Мұнда шаһар басшысы жаңғыртылған кардиохирургиялық ота блогы мен жансақтау бөлімшесін аралап, жуырда ғана іске қосылған ТАVI-орталығын көріп шықты. Бірегей технологиялардың арқасында енді мекеме жылына 10 мың науқасты қабылдауға қауқарлы.

- Жүрек аурулары – әлем бойынша денсаулық сақтау саласындағы маңызды проблемалардың бірі. Бүгінде еліміздегі әрбір үшінші адам осы дертке шалдыққан. Оған азаматтардың өмір сүру салты, күйзеліс, түрлі дерттердің асқынуы немесе экологиялық проблемалар тікелей әсер етеді. Ал біздің орталық мұндай науқастарға шұғыл аритмалогиялық көмек көрсетеді, - деді .  Кардиологиялық орталықтың директоры Роза Қуанышбекова.

Жұмыс сапары соңында қала әкімі ұжым қызметкерлерін алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады. Дертіне ем іздеп келгендерге шұғыл көмек көрсетіп, талай адамды өлімнен арашалап қалған ақ халаттыларға жемісті еңбек тіледі. Шаһар басшысы осындай жаңа және жаңғыртылған медициналық мекемелердің көбеюі, олардың заман талабына сай жабдықталуы – еліміздің денсаулық саласын дамытуға әрі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Аяулым Көлжігіт, Жақсылық Тілепберген, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы.  

Оқи отырыңыз: Алматыда полицияның сервистік орталықтары ашылады