Орталық 230 адамды емдеуге қауқарлы
Әлеуметтік маңызы бар нысанда ісік ауруының соңғы сатысы мен емделмейтін өзге де сырқаттарға шалдыққан жандарға қол ұшы созылмақ. Орталықта көрсетілетін барлық қызмет пен медициналық көмек тегін, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Басты мақсат – тағдыр тәлкегіне түскендерді моральдық тұрғыда қолдап, барынша сауықтыру. Ал айықпас дертпен сырқаттанғандарға санаулы күндерінде жан жылуын сыйлау.
28 жастағы Екатерина Ласкина өкпе обырына шалдыққанын жуырда ғана білген. Айтуынша, денсаулығы қаңтар айында күрт нашарлай түскен. Дәрігерлер көпке дейін диагноз қоя алмапты. Төртінші дәрежедегі өкпе обырымен ауыратынын үш апта бұрын ғана білгенін айтады.
«Онкологиялық диспансер дәрігерлері «ешқандай көмек көрсете алмаймыз» деп, арнайы ем-дом жүргізуге бас тартқандықтан, осында келдім. Өкінішке орай, қаладағы екінші емханада диагнозды ұзақ уақытқа дейін қоя алмады. Уақыт жоғалтып алыппын. Десе де, соңына дейін берілмеймін. Қазір Корея мемлекетіне бармақшымын. Соған қаржылық демеушілік керек. Егер мейірімді жандар болса, көмектесулерін сұраймын», – дейді науқас Екатерина ЛАСКИНА.
18 жастағы Дәулеттің төсек тартып жатқанына 10 жылдан асты. Өздігінен дәрет сындыра алмағандықтан, арнайы катеторлар қойылған. Сал болып туған баланың аяқ-қолдары қисайған. Сүйек-буын жүйесі, бұлшық еттерінің бәрі семіп қалған.
«Баяғы дәрігерлер нашар, медбикелер таңбаны ауыстырады, дәретті төгеді. Ал бұл жерде бәрі жақсы», – дейді науқас Ердәулет ШАМАХАЙ.
Ал жалғызбасты Ерік Байбосынов екі күн бойы үйде қамалып жатқан. Төсекке танылған оның көршілері жағымсыз иісті байқап, төтенше жағдайлар департаментінің мамандарын шақыртыпты. Есікті бұзып кіргеннен соң, қала әкімдігінің мамандары азаматты хосписке алып келген.
«Атын атамай-ақ қояйын, ауруханалардың бірі мені соңына дейін емдемеді. Аталған медициналық мекеменің экономисті мені үйге апарып тастап кетті. Екі күн бойы өз нәжісіме былғанып жаттым. Көршілеріме рахмет. Солар есікті бұзып, шара қолданбағанда өліп кетер ме едім. Бұл жердегі күтім жақсы. Мамандар психологиялық тұрғыда да қолдайды», – деді науқас Ерік БАЙБОСЫНОВ.
Жаңадан ашылған хосписте қазір осындай ауыр жағдайдағы 20 шақты адам ем қабылдап жатыр. Оларға медициналық көмек пен қызметтің барлық түрі тегін көрсетілуде.
«Біздің орталыққа палиативті көмек көрсету және мейірбикелік көмек көрсету бар. Және жүрек, өкпе, бүйрек, бауыр органдарының ағзаларының яғни декомпенсациясымен, яғни емдеуге келмейтін науқастар ғана жата алады», – деді хоспистың бас дәрігері Ринат БАЙТАКОВ.
Мамандардың айтуынша, мекеме науқастарды Қазақстанның барлық өңірінен қабылдап жатыр. Орталық 230 адамды емдеуге қауқарлы. Хоспитың басты мақсаты – науқастың соңғы деміне дейін жан жылуын сыйлау. Қазір олар демеушінің көмегімен емделіп жатыр. Ал 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап хосписты мемлекет қаржыландырмақ.
Салтанат Нысанбек, Азамат Кәкенов, «Алматы» телеарнасы.