Кодекстің жобасы алғаш рет бір жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында жарияланды
Бүгін Алматы қаласындағы Достық үйінде «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа Кодекс жобасының нормаларын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтуде, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл шараға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, үкіметтік емес сектордың, кәсіподақ ұйымдарының, еліміздің медицина ұйымдарының өкілдері, денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров құттықтау сөзінде шараның заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізгенге дейін жұртшылықпен, медициналық ұйымдардың өкілдерімен кең, ашық талқылауға бағытталғанын атап өтті.
«Құжат денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында қазір бар пікірлерді ескере отырып әзірленген», — деді Е. Бабақұмаров.
Кодекс жобасы әлемдік тәжірибені үйрену негізінде және ДДҰ ұсыныстарына сәйкес әзірленді. Бүгінгі күні жұртшылықпен 7 рет жария талқылау өткізілді, «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында 5 рет жарияланды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Зәуреш Аманжолова жұмыс тобына 53 адам енетінін, олар жұртшылық сараптамалық қауымдастық, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері екенін хабарлады. Кодекс жобасын талқылау бойынша 24 отырыс өтті, жұртшылықтан 791 ұсыныс түсті. Оның 600-ге жуығы қабылданды, 200-і пысықталуда. Талқылау процесі жалғасуда.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Кодекс жобасын белсенді және ашық талқылаудың маңыздылығын атап өтті. Министр отандық азаматтардың денсаулығын сақтау шараларын жетілдіру үшін медицина өзгерістерді талап ететінін атап өтті.
Е. Біртанов заңнамалық өзгерістерді жұртшылықпен талқылаудың маңыздылығын баса айтты және белсенді диалогқа шақырды.
Кодекстің жобасы алғаш рет бір жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында жарияланды.
Жаңа Кодекс жобасын қабылдау нәтижесінде ұлт денсаулығын нығайту және сақтау, азаматтардың өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікті, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын бақылауды, медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыру, медициналық ғылымды дамыту, денсаулық сақтауды цифрландыру түріндег тиімділікті арттыру күтілуде.