Алматыда Арнайы және инклюзивті білім беру орталығының мұғалімдері ерекше әдіснама ойлап тапты

Алматыда Арнайы және инклюзивті білім беру орталығының мұғалімдері ерекше әдіснама ойлап тапты
Ұлттық ғылыми орталықтың ресми сайты әдіснемелік құралдарды әр ай сайын жинақтап сайтқа жүктеп отырады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде ерекше қажеттілікке зәру балалар саны 145 000-ға жуық. Оның 96 550-і мектеп жасындағылар болса, 48 300-і мектеп жасына дейінгі балалар. Осы түйіткілді шешу мақсатында Алматыда Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған әдіснама құрастырып шығарды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Соңғы жылдары арнаулы білім жүйесінде ерекше балаларды сапалы біліммен қамту өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әдіскер Юлия сөйлемейтін және сөйлеу тілі бұзылған балаларға «Минион» мультфильм кейіпкерін қолдана отырып артикуляциялық аппарат қызметін белсендіретін арнайы кешені бар жұмыс дәптерін құрастырды.

«Минион – бұл өте ашық-жарқын, көңілді мультфильм кейіпкері. Осы кейіпкер арқылы біз сөйлеу тілі бұзылған, кешеуілдеген балаларға арнап жұмыс дәптерін жасап шығардық. Кейіпкер арқылы дауысты дыбыстарды ажыратуға, анық айтуға үйрете аламыз», – деді оңалту және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің әдіскері Юлия Евгенова.

Ал, әдіснама көмегімен ерекше балалардың назарын бір бағытқа шоғырландыруға, сабақтың түсіндірілуін жеңілдетуге, баланың сабаққа деген белсенділігін арттыруға болады екен.

«Дәл осылай басқанда артикуляциялық жаттығуларды орындай беретін болады. Мұндағы жаттығулар тілге арналған статикалық және динамикалық жаттығулар. Әр дыбысқа өзінің комплекс жаттығулары болады», – деді логопед Айгүл Мұстафақызы.

Сонымен қатар, тілі дамымаған балалар үшін Сәуле Сыдыққызы «С» және «Ш» дыбыстарын дұрыс айтылуы үшін артикуляциялық жаттығулар сипатталған әдіснама да ойлап тауыпты. Жұмыс дәптеріндегі ойындар қарым-қатынас дағдыларын дамытуға, артикуляция аппаратындағы бұлшық еттерін  және қимыл-қозғалысын дамытуға арналған.

«Қазақ тілді материалдар өте аз. Сондықтан да бізге жасау өте қажет болғандықтан жасадық. Мына жерде арамызда бірден балаға артикуляциялық жаттығуларды көрсетіп, өзіміз балаға түсіндіріп, түсінбеген жерін өзіміз айна алдында көрсетіп балаларға жасатамыз», – деді оңалту және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің логопед-дефектологы Сәуле Сыдықова.

Ұлттық ғылыми орталықтың ресми сайты әдіснемелік құралдарды әр ай сайын жинақтап сайтқа жүктеп отырады. Қажетсінген мамандар, ата-аналар орталық сайтынын жүктей алады.

Назгүл Әмірбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров