Кавасаки синдромы кезінде антибиотиктерді өздігінен қабылдауға болмайды – инфекционист

16.09.2020 21:54

Бірден дәрігерлердің көмегіне жүгінген абзал

Almaty.tv

Алматылық инфекционистер Кавасаки синдромынан балаларды сақтау ісіне, үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Себебі аурудың жер бетінде таралу қарқыны әлі бәсеңдеген жоқ. Сондықтан ата-аналар балаларының тазалық пен санитарлық талаптарды сақтап, халық көп шоғырланатын орындардан аулақ жүруін мұқият қадағалауы тиіс.  

«Кавасаки синдромының белгілері дене қызуы 39-40-қа дейін көтеріледі. Бұндай дене қызуы бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін. Сондай-ақ хейлит, лимфаденопатия белгілері болады. Денесінде бөртпелер пайда болып, аяқ-қолы ісініп, буындарында ауру сезіледі. Асқазан ішек жолдары зақымданғаннан кейін, құсу, іш өту, іш ауру белгілері болуы мүмкін», – деді Алматы қаласы балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Қарлығаш Әбдірахманова.

Мамандардың айтуынша, Кавасаки синдромына шалдыққан жағдайда антибиотик пен вирусқа қарсы преапараттарды өздігінен қабылдауға болмайды. Бірден дәрігерлердің көмегіне жүгінген абзал. Сондай-ақ ақ халаттылар созылмалы аурулары бар балаларды кезекші сыныптарға жібермеуге кеңес береді.