Репродуктивті медицина институтындағы 25 мыңнан астам эмбрионды ұзақ сақтау мүмкін емес – дәрігерлер

04.05.2020 22:00

Олардың жасы 10 жылдан асып кеткен

Almaty.tv

Алматыдағы репродуктивті медицина институтында 25 мыңнан астам эмбрион сақтауда тұр. Олардың жасы 10 жылдан асып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Дәрігерлер оларды тым ұзақ уақыт сақтай алмайды. Ал, эмбрионды  ұзақ мерзімге қалдырғандар болашақ сәбилерімен кездесуге асықпайтын сыңайлы. Оның себебі неде және биологиялық ата-аналар байланысқа шықпаса, болашақ сәбилердің тағдыры не болмақ?

Тұрмысқа шыққаннан кейін бірден бала сүю бақыты бұйырмаған Майра есімді келіншек қазір 30-да. Бірақ экстракорпоралдық ұрықтандыру нәтижиесінде көптен күткен арманына жеткен еді. Басынан өткен осы оқиғасын келіншек бізге анонимді түрде айтып беруге ғана келісті. Уақыт өте ерлі-зайыптылар тағы да ата-ана болуды қалап отыр. Оның үстіне репродуктивті медицина институтында бұл жұптың эмбриондары сақтауда тұр.

«Жүкті болдым. Бірақ айы-күніне дейін жеткізіп, құрсағымда көтере алмадым. Кейін осында келіп, бір рет ЭКО (жасанды ұрықтандыру) жасадым. Нәтижесінде егізді болдым. Қазір олар 7 жаста. Денсаулығы жақсы. Мектепке барады. Алдағы уақытта тағы да сәбилі болсақ дейміз», – деді Алматы қаласының тұрғыны Майра.

Өкіншітісі, жасанды ұрықтандыру арқылы 2-мәрте ата-ана атануды қалайтындар саны көп емес. Нәтижеде мыңдаған эмбриондардың тұрғанына 10 жылдан асып кеткен. Ақ халаттылар болса, түтікте сақталған болашақ сәбилердің биологиялық аналары төбесін бір көрсетеді деген үмітпен, эмбрионды жоюға батпай отырмыз дейді.  

«Ата-аналар өзінің эмбриондарының  сақтауда тұрғанын біледі. Өйткені олар бастапқыда ұрықтарын белгілі бір мерзімге мұздатып, сақтау туралы келісім-шартқа қол қояды. Кейіннен олардың дұрыс сақталуын қадағалап отырады. Ал, арада 10 жыл өткеннен кейін сол жұп қайтадан келіп, ата-ана болуға бел байлауы мүмкін», – деді репродуктолог дәрігер Жанар ТАЙБАҒАРОВА.

Талай аналарға сәби сүйдірген медициналық орталық мамандары осы уақытқа дейін қол қусырып отырған жоқ. Эмбрионды сақтауға тастап, байланысқа шықпай, хабар-ошарсыз кеткен аналарды дәрігерлер де іздестіріп жатыр. Бірақ кейбір азаматтар тіпті телефонын алмайтын көрінеді. Осылайша жылдар бойы эмбриондар минус 190 градус температурада сақталап тұр.

«Эмбриондар инкубаторда орналасқандықтан, оған тірі пенде жақындай алмайды. Ал, қызметкерлер әрдайым бетперде мен қолғап киіп жұмыс істейді. Енді пандемияға байланысты ұрықты қатыратын кезде клиникалық тексеруден бөлек, COVID-19 тесттін де жүргізетін боламыз», – деді репродуктолог дәрігер Жанар ТАЙБАҒАРОВА.

Бұл орталықта бір жылдың ішінде төрт мың жасанды ұрықтандыру процедурасы жасалады. Егер, түтікшедегі эмбриондарын ұмыт қалдырған ата-аналар байланысқа шықпаса, дәрігерлерге ұрықтарды жоюға тура келеді.

Аяулым Көлжігіт, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы»  телеарнасы