Сарыағашта үшем дүниеге келді

24.01.2024 22:48

Үш қызға Әмина, Сабина және Медина есімдері қойылды

elements.envato.com

Сарыағаштық 38 жастағы көпбалалы ана Гүлмира Даурбаева үш қызды дүниеге алып келді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап. 

Нәрестелердің салмағы 2 кг, 2 300 және 1 900 грамм болды. Батыр анаға дәрігерлер кесарь тілігі арқылы ота жасап, босандырып алған. Қазіргі таңда мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилердің жағдайы бірқалыпты. Үшемге туыстары Әмина, Сабина және Медина есімдерін қойған.

- Үшем босанатынымды алғаш естіген кезде қатты қобалжыдым. 5 балалы болған соң, сәбилі болуды жоспарламадым. Күтпеген жерден дәрігерге қаралып, үшемді болатынынымды естігенде басқаша сезімде болдым, - дейді батыр ана.

Сарыағаштық батыр ана бүгінде 8 баланың анасы атанды. Мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан нәрестелерге жансақтау бөлімінің мамандары тарапынан ерекше күтім жасалған.

Айта кетейік №1 облыстық перинаталдық орталықта 2023 жылы 158 егіз бен 2 үшем дүниеге келді.

Оқи отырыңыз: Енді жаңа туған сәбилер аты-жөнінен бұрын ЖСН алады