Елжан Біртанов медициналық сақтандыру бойынша кездесу өткізді

18.01.2020 22:52

Медициналық сақтандыру жүйесі толығымен іске қосылды

Almaty.tv

ҚР Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің конференц залында медициналық сақтандыру бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды Stan.kz.

Кездесуде медициналық сақтандыру тиімділігі және медициналық реформа, дәрігерлер жалақысы, тегін дәрі-дәрмек беру, вакцина, Қазақстанда адам органын трансплантациялауға қатысты мәселелер де айтылды.

«Медициналық сақтандыру жүйесі толығымен іске қосылды. Бұл еліміздің әр азаматына қатысы бар реформа. Реформа жасамай тұрып, проблема шешу мүмкін емес. Біз бірінші проблеманың шешу жолдарын қарастырдық. Реформаны бастадық, оның маңыздылығы мен қолайлы жолдарын көріп отырмыз. Бұл реформаны адамдар үшін жасап отырмыз», - дейді министр.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған. Алайда, медициналық сақтандыру тек Қазақстан аумағында ғана қолданысқа ие. Ал шетелде ол қарастырылмайды.

«Медициналық сақтандыру шетелде жарамайды. Ол тек елімізде ғана жарамды. Сонымен қатар көрші қалаға іс сапарда жүрген азамат кез келген мекемеге бара алмайды. Ол өз тұрғылықты жерінде тіркелген болуы қажет», - деп жауап берді денсаулық сақтау министрі журналистердің сұрағына.

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға қарамастан, әрбір қазақстандыққа қол жетімді медициналық қызметтердің барлық негізгі түрлерін қамтиды. Яғни, оған шұғыл көрсетілген қызметтер: жедел жәрдем және санитарлық авиация, бастапқы медициналық санитарлық көмек, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек жатады.