Аулаға кіріп-шығу ыңғайсыз: апатты амбулаторияның бір бөлігінде 3 отбасы тұрады

07.03.2024 22:11

Нысан 1970 жылы қолданысқа берілген

Almaty.tv

«Ауылдағы амбулаторияға медбикелердің өзі сыймайды». Алматы облысындағы елдімекен жұртына алғашқы медициналық көмек көрсететін мекеме қазір адам шошырлық күйде. Іргетасы жерге отырып, қабырғасы сөгілейін деп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Жүнісбай Қайыпов ауылындағы жалғыз амбулатория. Қолданысқа 1970 жылдары берілген Кеңес өкіметінен қалған мұра. Бүгінде іргетасы отырып, қабырғасы сөгіліп тұр. Тұрғындар саны 3 мыңнан асқан елдімекенге тым тар.

– Ішін көрсеңіз, сыртынан да нашар. Іргетасы отырып қалған, батып жатыр. Есігінің алды балшық, адамдардың кіріп-шығуы қиын. Ал арғы жағында 3 отбасы тұрамыз. Бізге де ыңғайсыз. Адамдар кіріп-шығады, аурулар да келеді, – деді Ж. Қайыпов ауылының тұрғыны Равиль Нұрмұхамбетов

Медициналық мекеменің алды батпақ болса, арты біреудің жекеменшік ауласы. Іші де ескірген. Ағаш едені сықырлап, керегесі бүлініп, тозығы шыққан. Ауыл дәрігерлері осындай жағдайда қызмет көрсетуге мәжбүр. Ал жақын жерде ауырған адамға жүгінетін орын да жоқ.

– Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының шешімімен 2024 жылы блоктық модульді кешен салынады. Қазіргі таңда жері дайын тұр. Мемлекеттік актісі жасалынуда, – деді Қазақстан ауылдық округі әкімінің орынбасары Марат Қанаев.

Денсаулық сақтау басқармасы бұл ауылға құрастырмалы амбулатория салуды ұйғарған. Алайда жиналған жұрт қуанған жоқ. Тұрғындардың айтуынша, нысан елдімекендегі жағдайға жарамайды.

Оразай Нұртайұлы, Ялкунжан Әшімжан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Сыыбайлас жемқорлқ: білім саласы мемлекетке қанша шығын келтірді