Қанның қатерлі ісігіне шалдыққан Данилге шұғыл көмек қажет. 3 жасар баланың өміріне араша болатын жалғыз амал – шетелде жасалатын ота. Сирек кездесетін кеселді сыртта емдеуге мүмкіндік туғанымен, қомақты қаржы қолды байлап отыр. Оған шамамен 69 миллион теңге қажет. Сәбидің болашағынан үмітін үзбеген ата-ана қасиетті Рамазан айында көптен көмек сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Данилдың аты жаман аурумен арпалысып келе жатқанына 9 ай болыпты. Баласының дертін алғаш естігенде ана жүрегі сенбеген еді. Күдік пен күмән жетегінде жүріп, талай рет тексеруге барған. Диагнозы бірден анықталмапты. Алдымен кішкентай ұлы ақсап, аяғын баса алмай қалыпты. Кейін дәрігерлер тізе жарақаты мен белінде сырқаты бар деп жеңіл қарап келген. Алайда, диагноз мүлде басқа болып шыққан.
«Уақыт тығыз. Үш күн ішінде қажетті қаражатты жинап, шұғыл Ыстамбұлға ұшуымыз керек. Ұлымның жағдайы күн сайын нашарлап барады. Көз алдымда кішкентай періштемнің қиналғаны жүрегіме батады. Балам үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Халықтан, бүкіл жанашыр жаннан көмек қолын созуды өтініп сұраймын», – деді Данилдің анасы Жанна Шледовец.
Дертті тез арада емдемесе, дендеп барады. Бауырлас елдегі дәрігерлер отадан соң Данил құлан таза айығып кетеді деп сендірген екен. Ал ем алу үшін 69 миллион теңге қажет. Өмірі қыл ұшында тұрған бүлдіршіннің жақындары енді қайырымды жандардан көмек күтеді.
«Біз барлық құжатымызды түрік дәрігерлеріне жібердік. Ұлымыздың жағдайын толық зерттеп, бізге ақпаратын берді. Бұйыртса осы отасын жасатсақ, баламыз толық сауығып кетеді деп кепілдік беріп отыр. Бұл – біздің соңғы үмітіміз. Қайырымды халықтан көмек сұраймын. Ұлыма өмір сыйлаңыздаршы», – деді Данилдің әкесі Евгений Шледовец.
Қазір 18 миллион теңге шамасында қаржы жиналыпты.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы