СҚО-да 75 адам қызылша жұқтырған

01.12.2023 23:44

Өңірде қызылшаға қарсы қосымша иммундау үшін 9 мың доза вакцина бар

Almaty.tv

СҚО-да 75 адам қызылша жұқтырған. Оның ішінде 29 жағдай Петропавл қаласындағы әскери институт студенттері арасында анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қызылша ауруын Ұлттық ұлан әскери институтының 29 курсанты жұқтырды. Бұл аймақта тіркелген жағдайдың 39 пайызын құрайды. Мамандардың айтуынша, қазір оқу орнының 645 курсантына екпе салынды. Тағы 48-інің жағдайы бақылауға алынды.

– Әскери институт бойынша 47 курсант ауру жұқтырған еді. Оның ішінде 29 адам зертханалық тексеруде расталды. Ал біреуіне жедел жоғары тыныс алу жолдарының жедел инфекциясы деген диагноз қойылды. Қалған17 адам тексерілуде, – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының айтуынша, мекеме карантинге жабылмайды. Ал ауру жұқтырғандардың жағдайы бақылауда болады. Өңірде эпидемиялық ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Бүгінде аймақта барлығы 75 адамнан қызылша анықталды. Олардың 79 пайызы - вакцина алмағандар.

– 14 пациент амбулаториялық емдеуге жіберілді, олардың ішінде 4 бала бар. Соңғы тәулікте тағы 3 адам ауру жұқтырды. Оның ішінде 2 бала және 1 ересек адам стационарлық емдеуге жатқызылды. Әскери институттағы эпидемиологиялық жағдайға келетін болсақ, ошақта профилактикалық жұмыс жүргізілді. Ауру анықталғаннан кейін 72 сағат ішінде нысанда әскери қызметшілерге профилактикалық вакциналау жүргізілді, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.

Өңірде қызылшаға қарсы қосымша иммундау үшін 9 мың доза вакцина бар. Алдағы уақытта тағы 30 мыңнан астам вакцина жеткізіледі.

Нұргүл Алина, Қазбек Арықпаев, Алматы телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Қызылшаға қарсы вакцинациядан бас тартудың қаупі қандай