Әуе апатынан аман қалған зардап шегушілер ауруханадан үйлеріне шықты

31.12.2019 00:09

Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді

Оның ішінде 9 айлық бала да бар. Олар қазіргі таңда амбулаторлық ем қабылдауды бастаған. Ал, зардап шеккендер арасындағы ең жас 5 айлық періште жабық бас ми жарақатын алып, ауруханада туысының қарауымен емделіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Тағы бір үйдің 4 балаласының аяғына ота жасалыпты. Олардың жағдайлары бірқалыпты. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз конференциясында қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді. Ал, бастапқыда алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін 7 адам амбулаторлық бақылауға жіберілген. Қазіргі таңда науқастарға медициналық көмек, диагностикалық тексерулер, дәрі-дәрмекпен емдеу толық көлемде қамтамасыз етілген. Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларымен 57 психолог мамандар жұмыс істеп, кеңестік көмек көрсетілуде - дейді денсаулық басқармасының өкілі.

«Зардап шеккендердің саны біздің мәліметіміз бойынша бүгінгі таңда 62 адам болатын. Оның 51-і ауруханаға жатқызылған. Оның 9-ы балалар болатын. Бүгінгі таңда қаланың клиникаларында 37 жарақаттанған адам емделуде. Оның 6-сы бүгінгі таңда қалыпты ауыр жағдайда, 32-сі орта ауыр деңгейде. Бүгінгі таңда жалпы осы түскен адамдардың 12-сі амбулаторлық емдеуге шығарылды. Жан сақтау бөлімдерінде жатқан адамдардың саны алтау», – деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.