Нұр-Сұлтанда танымал кондитерлік дүкеннен торт алып жеген бүтін бір отбасы уланып қалды

Нұр-Сұлтанда танымал кондитерлік дүкеннен торт алып жеген бүтін бір отбасы уланып қалды
Отбасы мүшелерінің нақты неден уланғанын дәрігерлер анықтап жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда бүтін бір отбасы торт жеймін деп уланып қалды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өткен жексенбіде ата-әжесіне қонаққа барған жанұя шаһардағы кондитерлік дүкеннен бұл тәтті өнімді сатып алады. Балкүлшені түскі уақытта жеген отбасы мүшелері кешке таман өздерін жайсыз сезіне бастаған. Бес ересек және бір бала өткір ішек инфекциясымен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

«Түскен кезде дене қызулары 38, 39 градус аралығында және жоғары интоксикация белгілері болды. Құсып, іштері өтті. Қазір алып жатқан емін дезонтоксикациялық ем дейміз. Ішек жолдарын қалыпқа келтіру үшін емдік диета қабылдап жатыр. Барлығы да ішек жұқпасы күдігімен келген. Толыққанды диагнозы бак анализы келгеннен кейін белгілі болады», - дейді Нұр-сұлтан қалалық Жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері Гүлнәр ЖҮСІПБЕКОВА.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті аталған нысанда тамақтан улануға қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, эпидемияға қарсы шаралар да қолға алынған.

«Аталған отбасы улануын «Happy Cake» дүкенінен сатып алынған тортпен байланыстырып отыр. Осыған дейін біз аталған дүкенінің кремді-кондитерлік өнімдерді пісіруге рұқсат қағазының жоқтығын айтқан болатынбыз. Оны тексеруге де мүмкіндігіміз жоқ. Себебі, елімізде кәсіпкерлік субъектісі ашылған күнінен бастап 3 жылға дейін тексеруден босатылған. Ал, 2017 жылы сол жақ жағалауда ашылған «Happy Cake» нысанына рұқсат беру құжаттарын беруден бас тартылған болатын. Себебі, ол санитарлық талаптарға сай келмейді. Аталған кәсіпорын заңды бұзып қана қоймай, өзге кәсіпкерлерге бұрыс үлгі көрсетіп жатыр. Тексеріс қорытындылары апта соңында жария етіледі», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ.

Новости партнеров