Дәрігерлер мәртебесі қашан көтеріледі? Бүгін Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған сауалында дәрігерлердің құқықтық қорғалмауы кадр жетіспеушілігіне әкеп соқтырып отырғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның дерегінше, бүгінгі таңда медициналық мамандардың жетіспеушілігі шамамен 7,5 мың адамға жеткен. Әсіресе анестезиолог-реаниматологтар, акушер-гинекологтар, дәрігер-зертханашылар, инфекционистер тапшы.
«Медициналық қызметкерлер мен денсаулық сақтау субъектілерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі мемлекеттік бағдарламада қойылған міндеттер әлі күнге дейін іске асырылған жоқ. Медициналық құқық мәселелеріне академиялық ортаны, сақтандыру бизнесін және үкіметтік емес секторды белсенді тарту күтілген болатын. Жоғары жүктеме, стресс, төмен жалақы сияқты классикалық проблемалармен қатар, пациенттер мен жалпы қоғамның теріс қатынасы дәрігерлердің мәртебесін төмендетіп отыр. Бұл факторлар ақ халаттылар арасында елден тыс жерлерге тұрақты тұруға кету көрсеткіштерін айтарлықтай арттырды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалымжан Елеуов.