Жамбыл облысында дәрігер Президенттен араша сұрады: бас дәрігер мен орынбасары жұмысынан кетті

04.07.2020 00:21

Жуалы аудандық аурухана басшылығы 2 айлық үстемақыны барлық қызметкерден кері қайтаруды талап еткен

көрнекі сурет

Жамбыл облысында аудандық емхананың дәрігері Президенттен араша сұрап, бейнеүндеу жолдады. Фарида Жанбатырованың сөзінше, Жуалы аудандық ауруханасының басшылығы, дәрігерлерден карантин кезінде түскен үстемақыны кері қайтаруды талап еткен. Осылайша бірнеше ай жинап келді, дейді шағымданушы. Кінәлілер анықталды ма? Almaty.tv тілшісі Мерей Бает толығырақ баяндайды.

Оқиға орнынан:

– Кабинетіне қызметкерлердің барлығын шақырып алып, соның ішінде мені де шақырып 200 мың теңге түсетінін, және сол ақшаның 150 мың теңгесін қайтаруды талап етті.

Бұл – осыдан бірнеше күн бұрын амалы таусылып, Президенттен көмек сұраған Фарида Жанбатырова. 25 жылдан бері аудандық ауруханада жұмыс істеген маман, карантин кезінде блок-бекеттерде қызмет еткен жандардың бірі. Оның айтуынша, Жуалы аудандық аурухана басшылығы 2 айлық үстемақыны барлық қызметкерден кері қайтаруды талап еткен. Десе де жағдайын айтып, ең болмаса жартысын қалдыруды өтінген оған, басшылық сөгіс айтып жұмыстан шеттетіпті.

«Мен кабинетіне кіргенімде, жайлап параққа 200 мыңды қолмен түседі, осының 150 мыңын қайтарасыз деп дәптерге жазып түсіндірді. Бір ай отырдық азаннан кешке дейін, қатты қиналдық. Менің отбасылық жағдайымды білесіз, 200 мыңның 100 мыңы менде қалсын деп қатты өтіндім. «Жо-жоқ, не деп тұрсыз, ана жақтағы басшылар менен сұрайды, мен сонда не деймін» деп біраз дауыс көтерді», – деді  Жуалы ауданы орталық ауруханасының рентген лаборанты Фарида Жанбатырова.

Зардап шектім деген қызметкер, мұндай жағдай барлық қызметкердің басында болғанын айтады. Іс насырға шапқаннан соң облыс әкімі арнайы жиын жасап, комиссия құрды. Ауданға арнайы тексеру тобын жіберіп, ақ-қарасын анықтады. Нәтижесінде...

«Жуалы аудандық ауруханасының экономика жөніндегі орынбасары қызметінен босатылды. Бас дәрігер бүгінгі таңда денсаулығына байланысты жұмыста жоқ. Ал бірақ одан шыққаннан кейін міндетті түрде ол кісінің де жауапкершілігі қаралатын болады», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.

Осылай деген басқарма басшысының да жауапкершілігі карантин рижімі біткен соң қаралмақ. Қазіргі таңда іс құқық қорғау органдарының назарында. Айта кетер ақпар, медицина қызметкерінің даулы мәлімдемесінен кейін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент аурухана қызметкерлеріне сауалнама жүргізген. Олардың сөзінше, қатысқандардың 50 пайызы басшылық тараптан түрлі қысымның болатынын жеткізіпті.

Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Жамбыл облысынан