Жыл басынан бері Алматыға 52 елден 800 шетелдік келіп, дертіне дауа тауып кеткен
Алматылықтардың салауатты өмір салтын қалыптастырып, өмір сүру деңгейін ұзарту үшін барлық жағдай жасалуда. Әсіресе, ұлт саулығы үшін медицина саласының қарыштап дамуы өте маңызды. Бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек осындай ақжарма тілектерін жайып салып, ақхалатты абзал жандарды Медицина қызметкерлерінің күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ осы жиында қала бойынша дәрігерлер мен мейірбикелердің ішінен жыл үздіктері таңдалып, салтанатты түрде марапатталды. Қала басшысы соңғы 3 жылда Алматыда сапалы медициналық қызметтің көрсетуге бағытталған 12 медициналық мекеменің бой көтергенін алға тартты. Оған қоса, биыл қалалық онкологиялық орталығының радиологиялық корпусінің ашылғаны тағы бар. Бұдан бөлек әкім №2 балалар ауруханасындағы ота жасау бөлімшесі толықтай жаңа құрал-жабдықтармен толыққанын, әлі де медицина саласында науқастарға барынша қолайлы жағдай жасалына беретіндігін айтты.
«Баршаңызды бүгінгі Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл айтулы күн тек осы сала мамандарына ғана емес, әр адам үшін ерекше мәнге ие. Дана халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп, текке айтқан жоқ. Шынында, денсаулықтан асқан қандай байлық болуы мүмкін. Осы кезге дейін Алматы қаласының денсаулық жүйесін реформалау мақсатында арнайы жол картасы қабылданған. Мұнда көрсетілетін қызметтердің ашықтығы, қолжетімділігі мен сапалылығы, жемқорлық фактілеріне жол бермеу жолдары көзделген. Осы бағытта атқарылып жатқан істер алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасын таба береді», – деді Бауыржан БАЙБЕК.
Қаламыздағы Алмалы және Әуезов аудандарында биыл сондай-ақ зейнеткерлердің денсаулығын жан-жақты дамытуға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Алдағы уақытта мұндай орталық қаланың барлық ауданында бой көтереді.
Ал жедел жәрдем осы бір жыл ішінде кемінде 1 миллионнан астам халыққа дер кезінде әрі сапалы көмек көрсеткен.
Сондай-ақ биыл Алматыда 150 мың ота сәтті жасалып, 44 мың нәресте дүниеге келген.
Жыл асынан бері 52 елден 800 шетелдік келіп, дертіне дауа тауып кеткен. Мұндай медицина қызметінің арқасында сырттан кіретін кіріс 60 пайызға артыпты.
Айта кету керек, республика бойынша Алматы қаласы тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы жағынан бірінші орында – ол көрсеткіш бүгінде 76 жасты құрап отыр.