Қазақстан бойынша жыл сайын 800-ге жуық медицина қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Дәрігерлердің құқығын қорғайтын заңды күшейту қажет. Бүгін Алматыда медициналық қауымдастық өкілдері осындай мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, адам өміріне араша түсетін бұл мамандар тәуекелге күнде барады. Сондықтан, әр отадан кейін көз жұмғандар үшін медицина қызметкерлерін темір торға жаба беретін болса, онда білікті дәрігерлердің қатары сиреп қалмай ма дейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Қолындағы темір таяқпен төсімді қатты ұрды. Сосын туысқандары тап беріп, мен жерге құлап түстім. Дем ала алмай қалдым», - дейді медбике Гүлжан ИБРАГИМОВА.
Бұл оқиға қыркүйек айының басында Алматыдағы медициналық мекемелердің бірінде болған. Жансақтау бөлімінде жатқан науқастың туыстары айқайға салып, ішке кіргізуді талап еткен. Медбикенің «кіруге болмайды» дегеніне қарамастан, оны ұрып-соғып, тіпті, таптап кеткен.
«Кей науқастардың туыстары бізді адам құрлы көрмейді. Сондайда жұмыстан кетіп қалғың келеді», - дейді медбике Гүлжан ИБРАГИМОВА.
Бұл бірінші оқиға емес. Осы уақытқа дейін жедел жәрдем жүргізушісі де соққыға жығылған болатын. Онда жүргізушіге қол көтерген өзге ұлт өкілі тек кешірім сұрап қана жауапкершіліктен құтылып кеткен.
Қатардағы халықан таяқ жеп жүрген медицина қызметкерлерінің заң аясында да құқығы қорғалмаған дейді бүгінгі жиында бас қосқандар. Олардың айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабындағы дәрігердің қателігі үшін тағайындалатын қылмыстық жазаны әкімшілік құқық бұзушылыққа ауыстыру қажет.
«Медицина саласында өз ісіне салғырт қарағандар, пара алғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет деп ойлаймыз. Ал, дәрігердің қателігі әкімшілік жауапкершілікке өту керек. Басқа дамыған елдерде солай ғой. Себебі кез-келген дәрігердің ота жасағанда немесе ем шараларын жүргізгенде науқасқа зиян тигізейін деген ойы болмайды», - дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Вячеслав ЛОКШИН.
Қазақстан бойынша жыл сайын 800-ге жуық медицина қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Күн сайын тәуелкелге бел буатын ақ халаттылар әр адамның ағзасы әртүрлі болатындықтан ота жасаған сайын түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін дейді. Ал, оның соңы қайғылы жағдаймен аяқталса бірден дәрігерді кінәлеудің қате екенін алға тартады.
«Ең қарапайым деген отаның өзі үлкен қайғыға алып келуі мүмкін. Себебі, операция жасаған уақытта барлығы кітапта бейнеленіп тұрғандай болмайды. Сондықтан, қателеспейтін дәрігер жоқ деуге болады. Мен де қателескенмін. Бірақ одан біз қорытынды шығарамыз», - деді Гинекология және перинатология ғылыми орталығы «Ана мен бала» бөлімінің меңгерушісі Камиль САМИТОВ.
Бүгінде медицина қауымдастығының өкілдері заңда көрсетілген дәрігерлік қателік үшін қылмыстық жауапкершіліктен әкімшілік құқық бұзушылыққа ауыстыру туралы тиісті құжаттарды жинап жатыр. Келесі айда ұсыныстарын министрлікке жолдамақ.
Арнат Дүйсен, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы