Алматыда МӘМС есебінен 700 мыңға жуық қызмет көрсетілді

09.12.2022 00:52

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлемдеді

ашық дереккөзден

Алматыда жыл басынан бері Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен 700 мыңға жуық қызмет көрсетілді. Ол үшін 5,8 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлемдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Роза Омарова – осыдан 1 жыл бұрын абайсызда құлап, аяғынан қатты жарақат алған. Бірнеше ота жасатып, жағдайы жақсарыпты. Қазір емін оңалту орталығында жалғастырып жатыр. Мұнда әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы жолдамамен келіпті.

«Мен бұл жерге порталмен №36 поликлиникадан келдім. Емнің бәрі тегін. Тамақ, бәрі жақсы. Спорттық құрылғылар да жасалған. Химиятерапия, массаж бәрі бар. Медициналық қызметкерлер де жақсы», – деді емделуші Роза Омарова.

Орталықта неврология, нейрохирургия, кардиология, травматология, ортопедия сынды 6 бағыт бойынша кешенді ем көрсетіледі. Келушілердің басым бөлігі – инсульт алғандар мен ауыр операциядан өткендер. Олардың аяққа тұрып кетуіне білікті мамандар көмектеседі.  

«Бұған дейін инсульт алған едім. Осымен екінші рет келіп тұрмын. Нәтижесі өте жақсы. Бұрын ұмытшақ едім, қазір жағдайым тәуір. Қол-аяғымды да басқара алатын болдым», – деді емделуші Эльвира Базилова.

«Инсульт алғаннан кейін 3 ай бойына қажетті ем-домды алу керек. Егер ем дұрыс болса, осы уақыт ішінде ағзаның қызметі бұзылған біршама функциясын қалпына келтіруге болады. Сондықтан бұған аса мән берген жөн»,– деді Оңалту орталығының директоры Шынар Мәлік.

Алматы қаласында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру 2020 жылы енгізілген еді. Бастапқыда бұл жүйеге 600 млн теңге бөлінген. Ал биыл қаржыландыру 13 есеге дейін өсті, - дейді қор директоры. Жыл басынан бері ем алушылар құны 5,8 млрд теңге болатын медициналық көмек алып үлгерген. Көптің қалтасы көтере бермейтін қымбат операциялар мен ем шаралары осы қор тарапынан жүргізіледі.  

«Бұрын осы дер кезінде оңалту орталығынан өтпегендердің көбісі мүгедектік жағдайында қалып кете беретін. Олар жоғары мүгедектік сатыдан төменгі мүгедектік сатыға өте алмайтын. Ал қазір осындай медициналық реабилитацияның дамуынан Алматы қаласында, басқа өңірлерде халықтың, әсіресе инсульттан кейін өздерінің жоғалтқан ағзаларын қалпына келтіруге мүмкіндік алып отыр», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.

Айта кетейік, Алматыда мемлекеттік және жекеменшік 75 оңалту орталығы бар. Қор басшысы Тілеухан Әбілдаев келер жылы да медициналық сақтандыру қорына бөлінетін қаржы көлемі ұлғаятынын айтып қуантты. Тиісінше, қымбат оталар мен стационарлық қызмет түрлеріне қолжетімділік артпақ.

Ұлағат Арғын, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы