Қалаған дәріңді табасың: Алматыда 2 айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар

08.04.2021 00:52

Бұл жоспарланған көлемнен 12 пайызға артық

Алматыда дәрі-дәрмек пен медициналық бетперделердің 2 айға дейінгі жеткілікті қоры бар. Өткен жылдың шілде айынан бастап тұрақтандыру қорына ең көп сұранысқа ие 48 миллион дәрі-дәрмек келіп түскен. Бұл жоспарланған көлемнен 12 пайызға артық. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын қаладағы дәріханаларға барып қазіргі аухалымен танысып келді.

Алматылықтарды үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамту үшін тұрақтандыру қоры құрылып, оған қала қазынасынан 10 млрд теңге бөлінген еді.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша тек дәріханаларға тиесілі 40 миллион дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды жеткізу жоспарланған болатын. Мамандардың айтуынша, бүгінге дейін дәрілердің 48 млн данасы жеткізіліпті. Оның 30 миллионы нарыққа сатылымға жіберлген.  

«Бұл келген 40 млн дәрінің ең маңызды деген 62 тізім бойынша құралған. Қазіргі таңда кем дегенде 2 айға жететін жеткілікті қоры бар. Бұл дәріханаларды есептемегенде, басқа фарм компанияларды есептемегенде жететін қор», – деді қалалық дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушінің орынбасары Бексұлтан Жолмұхан.

Бүгінде қаладағы фармацевтикалық компанияларда 18 млн-ға жуық дәрі-дәрмек қоры сақтаулы тұр. Оның ішінде пандемия кезінде халыққа аса қажет болған парацетамол, ксарелто, дексаметазон сынды дәрілер бар. Сондықтан көпшіліктің алаңдауына негіз жоқ дейді жауаптылар.

Бұл – қаладағы ірі дәріханалардың бірі. Өздеріңіз көргендей, есік алдында былтырғыдай  адам жоқ. Дәріхана ішіне кірсеңіз, барлық бағыттар жүйеленген. Белгілі бір тәртіп бойынша тұрғындарға қызмет көрсетіліп жатыр. Дәрі-дәрмек тапшылығы байқалмайды.

Көпшілік сұранысқа ие дәрілер мен бетперделердің де қолжетімді бағада сатылып жатқанын айтады.  

Блиц:  

- Бүгінгі таңда мысалы мына дәріханаға кіріңізші. Маска 20 теңге. Бұрын бір масканы 700 теңгеге сатып алған кездер болған. Қазір ондай жоқ.

- Қазіргі сәтте бүкіл дәріханада маска дәрі жеткілікті. Бағасы да қолжетімді, ұнап жатыр бізге.

- Соңғы уақытта байқаған жоқпын Алматыда дефицит болғанын. Әр уақытта келіп іздеген дәріңді табасың.

Әлеуметтік маңызы бар дәрілердің баға тұрақтылығы да басты назарда. Алматыда соңғы айда дәрілік заттарға қатысты бағаны көтеру бойынша дерек тіркелмеген. Салаға жауаптылар тексеру жұмыстарын одан әрі жалғастыра бермек.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы