Алматыда медициналық қызметкерлердің кадрлық резерві құрылды

05.08.2020 00:56

Кадр резервіне 2 мыңнан астам енді

avestanews

Алматыда медициналық қызметкерлердің кадрлық резерві құрылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматының медициналық кадр резервіне 2 мыңнан астам енді. Алматы қаласының жоғары медициналық колледжінің директоры Светлана Сұлтанғазиева өңірлік коммуникациялар қызметінің  алаңында өткен онлайн сұхбат барысында Алматы қаласында медициналық мамандар резерві құрылғаны туралы айтты.

Коронавирус инфекциясы пандемиясы жағдайына байланысты, Алматыда инфекция жұқтырғандарды қабылдау бойынша стационарлардағы төсек-орындарды көбейту бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде.

«Инфекциялық төсек-орындар санын көбейту үшін тек материалдық-техникалық қамту ғана емес, негізгі мәселе мамандармен қамту болып отыр», – деп атап өтті жоғары медициналық колледж директоры С.Сұлтанғазиева.

Мамандарды мобилизациялау мақсатынла қалада күн сайын меншік иесіне қарамастан, барлық медициналық ұйымдарды кадрлармен қамтамасыу етудің мониторингі және талдауы жүргізіледі.

Бүгінгі таңда Алматыда кадрлық резерв құрылған, оған 2 335 адам енген. Оның ішінде дәрігерлер саны – 341, орташа медициналық персонал – 1 572, кіші медициналық персонал – 422 адам. Кадрлық резервке негізінен резиденттер мен биылғы жылдың түлектері енді деп хабарлануда.

«Бір уақытта кадрлық ресурстарды жоспарлаумен және болжаумен айналысамыз, енгізіліп жатқан инфекциялық төсек-орындарға қарай штаттық кесте жасалуда. Мәселен, тамыз айының соңында арнайы Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының базасы негізінде 500 орынға арналған инфекциялық стационар ашу жоспары бар, одан кейінірек тағы бір тез салынатын 300 орынға шақталған модульді стационар ашылады», – деп толықтырды спикер. Ол штаттық кестенің қалыптасқан кадрлық резерв мөлшеріне қарай құрылатынын атап өтті.

Алматыда барлығы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарайтын 74 ұйым, 20 республикалық және 93 жекеменшік формадағы ұйымдар  бар. Бұл ұйымдарда барлығы 38 063 қызметкер жұмыс істейді. 27 денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 емдеуге жұмылдырылған.

Сонымен бірге, инфекциялық стационарлардағы жұмысқа мамандарды алу жалғасуда. Жұмыс істегісі келетіндерге 8702-633-0168 нөмірі бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының кадрлармен жұмыс бөліміне хабарласуды сұрайды.