Медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін консультативті-диагностикалық қызметтер саны 30 %-ға көбейген
1 миллионнан астам алматылық, яғни, қала тұрғындарының жартысынан көбі автоматты түрде мемлекет тарапынан медицина жүйесінде сақтандырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірқатар азаматтар оның шапағатын да көріп үлгеріпті. Осылайша биылдан бастап іске қосылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін консультативті-диагностикалық қызметтер саны 30 %-ға көбейген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары нәтиже.
Зейнеткер Ирма Александровна №36 қалалық емханаға 2017 жылдан бастап тіркелген. «Содан бері медициналық қызметке деген көзқарасым жоғарылап келеді», – дейді ол. Физиоемді тегін қабылдап жүрген емделуші салалық дәрігерлердің де қолжетімділігіне разы.
«Маған бронхит диагнозы қойылған. Тыныс алу жолдарын жақсарту үшін ингаляция сияқты ем-домдар аламын. Шынында да, бұл бағдарламаның артықшылығы көп. Біз сияқты зейнеткерлер үшін, жалпы сақтандырылған халық үшін тегін әрі сапалы қызметтер көрсетіліп жатыр», – дейді Наурызбай ауданының тұрғыны Ирма ЧЁ.
«Біз емханамызға келген әрбір пациенттің сақтандырылып-сақтандырылмағанын арнайы базадан қарап отырамыз. Егер тіркеуде жоқ болса, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», – дейді №36 қалалық емханасының менеджері Венера ТОХТАХУНОВА .
Жалпы биыл халықтың қалтасын көтермейтін МРТ, КТ сияқты қымбат қызметтерге төлем жүргізу түбегейлі өзгерген. Егер сіз сақтандырылған болсаңыз, бұл қызметтерді тегін ала аласыз. Одан өзге, салалық дәрігерлердің қызметі, оның ішінде стоматология мен түрлі сараптамаларды ақысыз алуға мүмкіндік туды.
«Атап айтқанда, КТ және МРТ қызметін тұтыну көлемі – 54 пайызға, Ультра дыбыстық зерттеу – 21 пайызға өскен. 21 ақпандағы мәліметке сүйенсек, медицина сақтандыру қорына 267,2 млрд теңгеге жуық қаржы жинақталды. Қаңтар айында қорға 34,2 млрд теңге түскен», – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Нұрлыбек ҚАБДЫҚАПАРОВ
Алматыда 170-тен астам медициналық қызмет көрсететін ұйыммен келісімшарт жасалған. Оның 144-і мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша 150 мекеме қызмет көрсетсе, оның 55 пайызы жекеменшік емханалар. Медициналық қызметтерді толық әрі сапалы алу үшін әрбір тұрғын қалаған емханасына барып сақтандырылуы керек.
«Алматы қаласы бойынша 48 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ретінде есепке алынған. Олар басқа жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетсе де, табыс көлемі еш жерде тіркелмеген. Олар үшін сақтандыру жүйесіне қатысуға бұл жақсы мүмкіндік. Ол үшін табысының 5 пайызын ай сайын қорға аударса болғаны», – дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Басқарма өкілдерінің сөзінше, қаладағы барлық медицина мекемелері керекті инфрақұрылыммен жабдықталған. Жауаптылар міндетті әлеуметтік сақтандыру бағдарламасы бойынша тұрғындарға уақытылы медициналық көмек көрсетілетініне сенімді.
Назкен Еркін, Жанат Әйтенова, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы